Стармер мен Трамп Ормуз бұғазын ашудың маңызын атап өтті
Екі тарап Таяу Шығыстағы қазіргі жағдайды және әлемдік теңіз тасымалын қайта жандандыру үшін Ормуз бұғазын ашу қажеттігі жөнінде әңгімелескен.
Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер АҚШ президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесіп, Ормуз бұғазын кеме қатынасы үшін ашудың маңызын талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлыбритания үкіметі таратқан мәліметке сәйкес, тараптар Таяу Шығыстағы қазіргі жағдайды және әлемдік теңіз тасымалын қайта жандандыру үшін Ормуз бұғазын ашу қажеттігін сөз еткен.
Көшбасшылар Ормуз бұғазын ашу жаһандық энергетикалық нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін аса маңызды деген ортақ пікірге келді, – делінген Даунинг-стрит, 10 хабарламасында.
28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастаған. Шабуылдар Тегеранды қоса алғанда ірі қалаларды қамтыды. Бұған жауап ретінде Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы (КСИР) Израильге қарсы ауқымды операция жүргізгенін мәлімдеді. Сонымен қатар АҚШ-тың Бахрейн, Иордания, Катар, Кувейт, БАӘ және Сауд Арабиясындағы нысандары да соққыға ұшырады.
11 наурызда Иран қарулы күштерінің орталық штабы «Хатам әл-Анбия» өкілі Ормуз бұғазы арқылы АҚШ пен оның одақтастарына қатысты кез келген мұнай жүктерін өткізуге жол берілмейтінін мәлімдеді. Ал 15 наурызда Тегеран қарсыласты берілуге мәжбүрлеу үшін барлық әдісті, соның ішінде бұғаздағы кеме қозғалысын бақылауды қолданатынын жеткізді.
Осы жағдай аясында мұнай бағасы да өсе бастады. Лондондағы ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың 2026 жылғы мамыр айындағы фьючерстері барреліне 110 доллардан асты. Goldman Sachs банкі жеткізілімдегі іркілістер ұзаққа созылса, мұнай бағасы 2008 жылғы рекордтық 147 доллардан да асып кетуі мүмкін екенін болжаған.
Халықаралық энергетикалық агенттік өз кезегінде мұнайдың рекордтық көлемін нарыққа шығаруды ұсынды.