Стамбулда жеті қабатты үйдің бір бөлігі құлап, екі адам қаза тапты
1987 жылы салынған үй опырылды.
Стамбулда жеті қабатты тұрғын үй ішінара опырылып құлады. Оқиға 8 қазан күні таңертең Малтепе ауданында болды. Себебі әзірге анықталған жоқ, деп хабарлайды BAQ.KZ Anadolu-ға сілтеме жасап.
Соңғы мәліметтер бойынша, үйінді астынан 10 адам, оның ішінде 3 бала құтқарылды. Екі адам қаза тауып, тағы екі адамды іздестіру жұмыстары жалғасуда. Бұл жаңартылған деректерді Стамбул губернаторлығы таратты.
Ғимараттың алғашқы үш қабаты құлады. Жоғарғы қабаттардың тұрғындары эвакуацияланды. Оқиға орнында AFAD (Төтенше жағдайлар басқармасы) құтқарушылары, өрт сөндірушілер, полиция және дәрігерлер жұмыс істеп жатыр. Іздеу жұмыстарына арнайы үйретілген иттер де тартылды.
Стамбул губернаторы Давут Гюльдің айтуынша, үй 1987 жылы салынған. Ресми мәлімет бойынша ғимаратта 12 пәтер болып, онда 33 адам тұрған. Тікелей құлаған бөлікте төрт пәтер орналасқан еді.
Оқиғаның себептері анықталуда. Әкімшілік және сот тергеуі басталды.