Сталкинг үшін жаза күшейтілуі мүмкін: Аймағанова ІІМ-ге жүгінді
Құрылтай депутаты Айжан Аймағанова адамның келісімінсіз оған қауіпті заттарды жасырын енгізу әрекетін, яғни спайкингті жеке құқық бұзушылық ретінде тануды ұсынды. Сондай-ақ ол сталкинг үшін жауаптылықты күшейтіп, жәбірленушілерді қорғау тетіктерін жетілдіру қажет екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат «Әділет» партиясы фракциясының атынан Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке жолдаған сауалында азаматтардың қауіпсіздігіне қатысты екі мәселеге тоқталды.
Айжан Аймағанованың айтуынша, 2025 жылы сталкинг үшін қылмыстық жауаптылық енгізілгенімен, құқық қолдану тәжірибесі заңнаманы одан әрі жетілдіру қажеттігін көрсетіп отыр.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 19 қарашаға дейін сталкинг дерегі бойынша 570 қылмыстық іс тіркеліп, оның 193-і сотқа жолданған, – деді депутат.
Оның сөзінше, қолданыстағы заңнамада сталкинг үшін 50 тәулікке дейін қамаққа алу жазасы көзделген. Алайда қудалау бірнеше айға созылып, аңду, қорқыту, психологиялық қысым көрсету және әлеуметтік желілер арқылы мазалау түрінде жалғасуы мүмкін. Әсіресе, полиция араласқаннан кейін де қудалаудың тоқтамауы жәбірленушінің қауіпсіздігіне төнетін қатерді арттырады.
Депутат сталкинг үшін жауаптылықты күшейту және жәбірленушілерді қорғау мәселесі қоғамда да көтеріліп жатқанын атап өтті. Биыл 8 қыркүйекте осы мәселеге қатысты петиция жарияланған.
Осыған байланысты ол Ішкі істер министрлігінен Қылмыстық кодекстің 115-1-бабын қолдану тәжірибесіне талдау жүргізуді, соның ішінде жүйелі қудалау деректерін тіркеу мен тергеуден бас тарту себептерін зерделеуді сұрады. Сондай-ақ әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі қудалау фактілеріне полицияның әрекет етуінің бірыңғай тәртібін енгізуді ұсынды.
Депутат көтерген екінші мәселе – спайкинг. Бұл – адамның келісімінсіз оның сусынына, тамағына немесе басқа жолмен қауіпті заттарды жасырын енгізу. Мұндай әрекет салдарынан адам өзін қорғау және қарсылық көрсету қабілетінен айырылуы мүмкін. Спайкинг жыныстық зорлық-зомбылық, тонау және өзге де қылмыстарға жол ашуы ықтимал.
Айжан Аймағанова қазіргі заңнамада мұндай әрекеттердің жекелеген салдары үшін жауаптылық қарастырылғанымен, қауіпті затты адамның келісімінсіз жасырын енгізудің өзіне дербес қылмыстық-құқықтық баға беру мәселесі толық реттелмегенін айтты.
Адамның келісімінсіз оған қауіпті зат енгізудің өзі дербес құқық бұзушылық ретінде танылып, қылмыстық жауаптылыққа негіз болуы тиіс, – деді ол.
Осы орайда депутат спайкинг мәселесін криминология мамандарымен бірлесіп жан-жақты зерттеуді, оның таралу ауқымын, себептері мен салдарын анықтауды ұсынды. Бұдан бөлек, мұндай әрекеттерді жедел анықтау, токсикологиялық сараптама жүргізу және дәлелдемелерді сақтау алгоритмін әзірлеу, сондай-ақ полиция мен денсаулық сақтау ұйымдарының өзара іс-қимылын жолға қою қажеттігін атап өтті.