Сталкинг: Семейдегі жұртты шошытқан қыздың оқиғасы қайта тексеріледі
Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Сенаттың кулуарында Семейдегі жұртты шошытқан қыздың ісін қайта тексеретінін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бізде қылмыстық істердің қозғалғаны туралы нақты деректер бар. Бұл норма жұмыс істейді, бірақ белгілі бір тәжірибе қалыптасуы керек. Осы нақты жағдайға келсек – мен тапсырма беремін, біз барлық мән-жайды қайтадан толық тексереміз, егер (себептері) болса, қосымша шаралар қабылдаймыз, – деді Лепеха.
Журналистер ІІМ өкілінен "Сталкинг" бабы бойынша қанша қылмыстық іс қозғалғанын да нақтылады.
Сталкинг бойынша 8 қылмыстық іс қозғалды, бірақ олардың сотқа жеткен-жетпегенін айта алмаймын, – деді вице-министр.
Еске салайық, бірнеше күн бұрын TikTok пен өзге де әлеуметтік желілерде Семей қаласының тұрғыны жариялаған видео қызу талқыға түсті. Бейнежазба авторы өзін бейтаныс әйелдің аңдып жүргенін (сталкинг) мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Қызылорда қаласының Жазира Қуанышбай есімді тағы бір бойжеткен қоғамнан араша сұраған еді.