СҚО тұрғыны митингке шақырғаны үшін бір айға қамауға алынды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы СҚО ПД баспасөз қызметі хабарлады.
Петропавлда төтенше жағдай режимі кезінде құқықтық тәртіпті бұзуға итермелейтін әрекеттер жасағаны үшін жергілікті пабликтің әкімшісі сот шешімімен 30 тәулікке қамауға алу түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды (ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 478-бабы бойынша). Ол Instagram әлеуметтік желісінде митингіге шақырған экстремистік ұйымның әрекеттерін насихаттайтын жазба орналастырған.
Қоғамдық тәртіптің бұзылуына алып келуі мүмкін әрекеттер үшін көзделген жауапкершілікті түсінген жөн. Төтенше жағдай режимі кезеңінде азаматтарды саналылық пен жауапкершілік танытуға шақырамыз. Барлық қабылданып жатқан шаралар, оның ішінде уақытша шектеулер халықтың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуге бағытталған, – деп атап өтті Солтүстік Қазақстан облысының коменданты, СҚО Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Марат Төлебаев.
Сондай-ақ, заңнамамен жалған ақпарат тарату үшін де жаза көзделген. Жалған ақпарат таратқан азаматтар ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға тартылады. Құқықтық тәртіпті бұзуға, әлеуметтік және ұлтаралық алауыздықты тұтатуға алып келетін арандатушылық пікірлер үшін де ҚР заңнамасымен жауапкершілік көзделген.
Төтенше жағдай режимі кезеңінде билік өкілінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбағаны үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.
СҚО Полиция департаментінде CALL-орталығының 61-25-42 телефоны жұмыс істейтіні туралы еске саламыз, мұнда азаматтар төтенше жағдай режимі кезеңіндегі шектеу шаралары мәселелері бойынша жүгіне алады. Сондай-ақ, полицейлер күдік тудыратын тұлғалар немесе фактілер, төтенше жағдай режимінің бұзушылықтары туралы «102» арнасына хабарлауды сұрайды.