СҚО су қоймаларына 35,5 млн дана дернәсіл жіберілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Балық ресурстарының жасанды өсімін молайту бойынша 2022 жылға арналған мемлекеттік тапсырысты орындау шеңберінде бүгін Сергеев және Петропавл су қоймаларына 35,5 млн.дана көкшұбар мен пайдабалық балығының дернәсілдері жіберілді.
Су айдындарына балық жіберу Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының, жергілікті атқарушы органның, Петропавл балық питомнигі, "Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы" ЖШС Солтүстік филиалының өкілдерінен құралған комиссия арқылы бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен жүзеге асырылды.
Айта кетейік, Петропавл балық питомнигі жылына орта есеппен су айдындарына 37 млн данаға жуық ақсақа тұқымдас балық түрлерінің дернәсілін және тұқы балығының шабақтарын жібереді. Елімізде республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарына балық жіберу жөніндегі іс-шаралар жалғасуда.