СҚО полицейлері үш айдың ішінде 214 интернет-алаяқтықты тіркеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. СҚО полицейлері үш айдың ішінде 214 интернет-алаяқтықты тіркеді, деп хабарлайды Polisia.kz.
СҚО-да жыл басынан 214 интернет-алаяқтық тіркелді. Бұл ретте Алматы қаласының тұрғыны болып табылатын бір күдіктіге қатысты 50-ден астам қылмыстық өндіріс қозғалған. Жиі кездесетін алаяқтық тәсілі – алдын ала төлемді талап ету, бұл тіркелген киберқылмыстардың жартысына жуығын құрайды.
Қаскөйлер жалған хабарламаларды орналастырады, алдын ала төлемді қолына түсіргеннен кейін байланысқа шықпай қояды. Полицейлер интернет арқылы сауда жасаған кезде сатып алушыларға ғана емес, сатушыларға да аса сақ болу қажеттігі туралы ескертеді. Алаяқтар тауарды сатып алатындай сыңай танытып, сатушылардың құпия мәліметтерін және шоттағы қаражатты қолға түсіру үшін түрлі амалдарды қолданады.
Құпия мәліметтер, әсіресе банк карталарының кодтары және смс-пен келетін кодтар “банкіден шалынған қоңырау” тәсілі арқылы әрекет ететін қылмыскерлердің мақсаты болып табылады. 3 айдың ішінде осындай 40 факті тіркелді. Алаяқтар жәбірленушілерді басқа адамдар тарапынан қаражаттарына қауіп төнгеніне сендіріп, жеке деректерді ұсынуға немесе ірі сомадағы несие ресімдеуге көндіреді, бұл қаражатты кейін алданған жәбірленушілер өздері алаяқтардың шотына аударады.
Өткен жылдың бірінші тоқсанында 211 алаяқтық тіркелгенін атап өткен жөн. Жоспарлы профилактикалық жұмыс соңғы жылдары күрт өскен аталған қылмыс түрін тоқтатуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, “салған ақшаны өсіру”, инвестиция салу арқылы ұтысқа ие болу, биржа және валюта бағамдарына тігу, оңай жолмен ақша табудың басқа да жолдары туралы күмәнді ұсыныстардан сақтанған дұрыс. Соңғы кезде аталған алдау тәсілі киберқылмыскерлермен жиі қолданады. Сақ болып, жақындарыңызды алаяқтық туралы ескертіңіздер, – деп хабарлады СҚО Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.