СҚО диқандары экспортқа өнім шығара алмай отыр
Солтүстік Қазақстан диқандары өз өнімдерін экспортқа шығара алмай отыр. Кәсіпкерлердің айтуынша оған теміржол вагондарының жетіспеушілігі себеп. Петропавлға жұмыс сапарымен келген ҚР сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққаливпен кездескен бизнес өкілдері осы және басқа да проблемаларды ортаға салды, деп хабарлайды өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Арман Шакқалиев облыстағы экспортқа жұмыс істейтін кәсіпорындарында болды. Сонымен қатар, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында бизнесмендермен кездесті.
Жиында «ДЕЗ» ЖШС өкілдері астық тасымалына арналған теміржол вагондарының тапшылығына шағымданды. Кәсіпорын өз өнімдерін Өзбекстан, Ауғанстан елдері мен еліміздің оңтүстік және батыс аймақтарына жөнелтеді. Бірақ вагон жетіспеушілігінің кесірінен жұмыс тоқтап қалған.
Экспедиторлық компаниялар біздің сұранысымызды толық қамтамасыз ете алмай отыр. Вагондардың басым бөлігі Ресейлік компанияларына жалға берілген. Біз де сондай бағаға алуға дайынбыз. Бізге айына шамамен 100-150 вагон қажет, - дейді серіктестік ЖШС директоры З.Танрикул.
Жиында Қазақсанда вагондарға сұраныстың артқаны айтылды. Бұл маусымдық құбылыс.
Кездесуде СҚО Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің мүшесі, «ГРИН ГОЛД СКО» серіктестігінің директоры Қанат Баймұқамбетов өнімді, оның ішінде өсімдік шаруашылығын сыртқа шығаруға үнемі енгізілетін шектеулер мәселесін көтерді.
Жыл басында күнбағыс майы мен май тұқымын экспорттауға белгілі бір тыйымдар мен шектеулер болды. Солтүстік Қазақстан облысы биыл егіс алқаптарын 20% - ға ұлғайтқаны белгілі. Қазір бізге екі ай – қараша және желтоқсан айларында экспортқа жол ашылды. Өкінішке қарай логистиканың болмауына байланысты біз Қытайға да, Өзбекстанға да шыға алмай отырмыз. Ал қаңтар айында тұқым экспортына баж, май экспортына шектеулер енгізу жоспарлануда, - дейді ол.
Шаққалиев бұл мәселе қаралып, ортақ шешім қабылданатынын жеткізді.
Біз бірқатар кәсіпорындарға бардық, онда бизнесті жүргізудің қарапайымдылығына, экспортты қолдау тетіктерінің қолжетімділігіне және өндірушілер өз қызметін жүзеге асыру кезінде кездесетін проблемаларға қатысты практикалық мәселелерді талқыладық, – деді вице-министр.