СҚО-да жол апатынан зардап шеккен ер адам медбикеге шабуыл жасады
Жол апатына түскеннен кейін мас жолаушы жедел жәрдем медбикесіне тап берген.
Солтүстік Қазақстан облысында жедел медициналық жәрдем қызметкеріне күш көрсету фактісі бойынша алғаш рет қылмыстық іс тіркелді.
23 маусым күні Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданындағы Чудесай өзенінің маңында «Lada» автокөлігі аударылған. Жол-көлік оқиғасы орнына патрульдік полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы келді. Жолаушылардың бірінің агрессивті әрекеті медицина мамандарының жұмысына кедергі келтірді. Масаң күйде болған 62 жастағы ер адам 37 жастағы жедел жәрдем медбикесінің аяқ-қолдарына және іш тұсына соққы жасаған.Патрульдік полиция батальонының қызметкерлеріне оған күш қолдануға тура келді. Ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жедел жәрдем қызметкеріне қатысты күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлады СҚО ПД баспасөз қызметі.
Заңнамада мұндай әрекет үшін ірі мөлшердегі айыппұлдан бастап бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген.
Тексеру барысында жолға шыққан үш адамның да масаң күйде болғаны анықталған.
Жол-көлік оқиғасына кінәлі 52 жастағы аудан тұрғыны 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылды, - деді полиция өкілдері.
Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодарда ер адам жедел жәрдем қызметкерлеріне шабуыл жасады.