СҚО-да су тасқынына қарсы бөгеттерді нығайтуға 14 млрд теңге жұмсалды
Тасқын кезінде су астында қалатын ауылға жаңа жол салынып жатыр.
Премьер-министр Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында әлеуметтік маңызды инфрақұрылымдар құрылысының барысымен танысты. Олар – Прибрежное ауылындағы жол өткелі және елді мекендер бойындағы қорғаныс бөгеттері, сондай-ақ Петропавлдағы көпсалалы облыстық аурухана.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов қорғаныс бөгеттерін қайта жаңарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Соңғы екі жылда өңірде алты негізгі гидротехникалық құрылысты қайта жаңарту бойынша су тасқынына қарсы іс-шаралар кешені жүзеге асырылған. Қазіргі заманғы инженерлік параметрлерге толық сәйкес келетін 24 шақырымнан астам қорғаныс желілері салынып, қайта жаңартылған. Осы мақсаттарға бағытталған қаражаттың жалпы көлемі 14 млрд теңгені құрады. Бұл халықтың қауіпсіздік деңгейін едәуір арттыруға, Петропавл мен Қызылжар ауданындағы тұрғын үйлерді, әлеуметтік инфрақұрылымды және тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерін қорғауға мүмкіндік берді.
Мәселен, Қызылжар ауданындағы Прибрежное ауылындағы ұзындығы 5 шақырымнан асатын, Тепличноедағы 4,6 шақырым, Бескөлдегі 5,9 шақырым қорғаныс бөгеттері қайта жаңартылды. Бұл құрылыстардың орташа биіктігі іргесінен санағанда 7,2-7,5 метрге дейін көтерілді, бұл Балтық жүйесі бойынша 102 метрлік есептік деңгейге сәйкес келеді.
Петропавл қаласында осындай нығайту жұмыстары Подгора шағын ауданы Ущева көшесіндегі ұзындығы 1,3 шақырым және Хромзавод ауданындағы Кожевенный кентіндегі ұзындығы 4,1 шақырым болатын бөгеттерде жүргізілді. Негізгі назар облыс орталығындағы 1953 жылы салынған «Биопруд» нысанына аударылды. Мұнда 2024-2025 жылдары жүргізілген жұмыстар есебінен ұзындығы 3,4 шақырымдық қоршау бөгеті 5 метр биіктікке көтерілді, ал бетон қоршаулар күрделі жөндеуден өткізілді, бұл тасқын судан төнетін қауіпті төмендетіп отыр.
Қазіргі уақытта нысандарда ішкі беткейлерді көпжылдық шөптер егілген гео-торшамен абаттандыру және бөгет жоталарының қиыршық тас жабынын төсеу бойынша жоспарлы жұмыстар жалғасуда.
Солтүстік Қазақстан облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ерден Шортыбаев Премьер-министрге Прибрежное ауылындағы жол өткелі орнатылған «Вороний островқа кіреберіс» облыстық маңызы бар автомобиль жолын қайта жаңарту жобасының жүзеге асырылу барысы туралы баяндады. Жобада үйінді көтеріп, оны нормативтік техникалық параметрлерге келтіре отырып, автомобиль жолын реконструкциялау, сондай-ақ ұзындығы 72 метр болатын ең үш аралықты жол өтпесінің құрылысы көзделген, жалпы құны 4,4 млрд теңгені құрайды.
Жаңа көлік инфрақұрылымы шамамен 1,5 мың адам тұратын Прибрежное ауылының қорғаныс бөгетімен біріктірілетін болады. Бұл елді мекенмен жыл бойы үздіксіз қатынасты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Вороний островта туристік нысандар ғана емес, сонымен қатар Петропавл қаласының тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ететін стратегиялық маңызды бірінші көтеру сорғы стансасы да орналасқан. Бұрын су тасқыны кезеңінде ауылға баратын жол толықтай су астында қалып, адамдарды тасымалдау және эвакуациялау тек су көлігімен жүзеге асырылатын, бұл қолайсыз ауа райы жағдайында азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төндірді.
Бүгінгі таңда нысанда іргетасты қиыршық таспен орнықтыру, 40 бұрғылау арқылы 40 қаданы орнату, төрт ростверк салу жұмыстары аяқталды, сондай-ақ шеткі тіректер тұрғызылды. Қазіргі уақытта №2 тіректің ригелін орнату және жер төсемін төсеу жұмыстары жүргізілуде. Биыл бұл жобаны жүзеге асыруға 2,6 млрд теңге бөлінді. Жол өткелінің құрылысын аяқтап, оны пайдалануға беру 2027 жылдың қазан айына жоспарланып отыр.
Нысандарды аралау қорытындысы бойынша Олжас Бектенов гидротехникалық құрылыстарды нығайту бойынша барлық жұмыстарды уақтылы аяқтау қажеттігін, сондай-ақ оларды әрі қарай күтіп ұстау және техникалық қызмет көрсету бойынша жүйелі шаралар қабылдау керектігін атап өтті. Сондай-ақ Премьер-министр өңір басшылығының назарын Прибрежное тұрғындары үшін осы көлік нысанының әлеуметтік маңыздылығына аударып, жобаны жүзеге асыру мерзімдерінің қатаң сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Премьер-министр Петропавл қаласында көпсалалы облыстық ауруханасының құрылыс барысымен танысты. YDA Holding директорлар кеңесінің төрағасы Хусейн Арслан медициналық кешеннің жалпы аумағы 92 мың шаршы метрден асатынын мәлімдеді. Заманауи медициналық кешен құрамына бір ауысымда 480 қабылдауға арналған консультациялық-диагностикалық корпус, тәулік бойы және күндізгі стационарлар, босану бөлімі, сәулелік диагностика, радиология бөлімшелері, клиникалық-диагностикалық зертхана және басқа да мамандандырылған бөлімшелер кіреді.
Мұнда кардиохирургия, нейрохирургия, онкология, тамыр хирургиясы, травматология және басқа да бағыттар бойынша жоғары технологиялы медициналық көмек көрсетілетін болады. Қазіргі уақытта темірбетон конструкцияларын тұрғызу жұмыстары аяқталды, қабырғалардың кірпіш қалау жұмыстары, қасбет профильдерін монтаждау және ішкі әрлеу жұмыстары жалғасуда. Қаржыландыруға қатысты қажетті мәселелер реттеліп, құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатқаны атап өтілді. Нысанды пайдалануға беру 2027 жылға жоспарланған.