26 Қараша 2026, 14:58 Фото: ©BAQ.KZ архиві

СҚО-да қауіпті бактерия анықталған 75 келі ет өртелді

Солтүстік Қазақстан облысында адам денсаулығына қауіп төндіретін бактерия анықталған 75 келі мұздатылған ет жойылды.

Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін ет өнімі «Сапалы өнім» жобасы аясында жүргізілген мониторинг барысында анықталған.

Мамандар Аққайың ауданындағы жеке кәсіпкерден мұздатылған еттің сынамасын алып, зертханалық тексеруге жіберген. Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталықтың зерттеу нәтижесінде өнімнен адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін Listeria monocytogenes бактериясы табылған.

Осыған байланысты ветеринариялық бақылау органдарының, ветеринариялық қызмет өкілдерінің және өнім иесінің қатысуымен арнайы комиссия құрылып, 75 келі мұздатылған ет арнайы пеште өртелді.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ғалымжан Ильясов кәсіпкерлер сатылымға шығарған өнімдерінің қауіпсіздігіне жауапты екенін еске салды.

Мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің жүргізген жұмысы заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтап, қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді. Алайда кәсіпкерлер де сататын тауарларының сапасы мен қауіпсіздігіне жауапты екенін түсінуі тиіс,-деді ол.

Айта кетейік, «Сапалы өнім» жобасы еліміздің барлық өңірінде жүзеге асырылып жатыр. Жоба тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігіне қоғамдық бақылауды күшейтуге және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған.