СҚО-да 6 адамды кене шаққан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында эпидемиялық маусым басталғалы 6 адамды кене шақты, зардап шеккендердің үшеуі -бала, деп хабарлады СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.

Департаменттің мәліметінше, былтыр өңірде 408 адамды кене шаққан, бұл оның алдындағы эпидемиологиялық маусыммен салыстырғанда 9 %-ға артық. Бүгінде кене шаққан 6 адам дәрігерге көрінген, олардың үшеуі – бала. Былтыр 9 адам кене энцефалитін жұқтырса, биылдыққа ауру тіркелген жоқ.

Кене энцефалиті қауіпті инфекциялық ауру. Орталық жүйке жүйесін зақымдайды. Аурудың салдарынан адам мүгедек болып қалуы, тіпті өлуі де мүмкін. Вирусты жөлек-иксодты кенелер таратады. Табиғи ошақта жұмыс істейтіндер үшін әр үш жыл сайын күздің соңында вакцинация жүргізіледі. Вакцина алмас бұрын дәрігердің кеңесі қажет, - дейді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Айнаш Сағандықова.

Орманға, табиғат аясына шыққан жағдайда ұзын жеңді және ақшыл реңді киім киген дұрыс, өйткені қара кене ақ түсте жақсы көрінеді.

Кене шөпте немесе ағаш бұтағында отырады. Бірақ 1,5 метрден жоғары көтерілмейді, сондықтан олар әдетте адамның аяғына жабысып, жоғары өрмелейді. Баяу жәндіктер адам денесіне бірден жабыспайды, ыңғайлы, таса орын іздейді. Сондықтан үсті-басты сілкіп, дұрыстап қарап шыққан жөн. Сондай-ақ крем, гель аэрозоль секілді репелленттерді қолдану қажет, - дейді Айнаш Сағандықова.

Кене шағып алған жағдайда тұрғылықты жері бойынша емханаға барып көрінген жөн.

Кенелер, маса, шыбын-шіркеймен күресу үшін өңірде профилактикалық өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 22 сәуірге дейін СҚО-ның 360 га аумағы дезинсекцияланады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы