СҚО-да 480 орындық көпбейінді облыстық аурухана 2027 жылы ашылады
Өңірде жаңа өндіріс орындары ашылып, аурухана, қосалқы станция және жол құрылысы қатар жүргізіліп жатыр.
Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов «QYZYLJAR» арнайы экономикалық аймағындағы жобалардың іске асу барысын тексерді. Мұнда жаңа өндіріс орындары мен инженерлік инфрақұрылым нысандарының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жобаларды жүзеге асыру өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған.
Өңірдегі ең ірі әлеуметтік жобалардың бірі – 480 орындық көпбейінді облыстық аурухананың құрылысы. Темірбетон конструкцияларын монтаждау жұмыстары толық аяқталған. Қазір қабырғаларды қалау, қасбеттік жүйелерді орнату және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аурухананы 2027 жылдың қазан айында пайдалануға беру жоспарланған.
Сонымен қатар көпбейінді облыстық аурухана мен №3 қосалқы аймақты электр энергиясымен қамтамасыз ететін қосалқы станцияның құрылысы аяқталуға жақын. Жаңа нысан инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қажетті инженерлік инфрақұрылымды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Бейкертон» зауытында негізгі құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Қазір инвестор ішкі әрлеу жұмыстарын аяқтап, жоғары технологиялық автоматтандырылған жабдықтарды орнатып, өндірістік желіні іске қосуға кірісті. Кәсіпорын алғашқы өнімін осы күзде шығаруды жоспарлап отыр.
Арнайы экономикалық аймақтың тағы бір резиденті – жүк көтергіш және көлік жабдықтарын өндіруге маманданған KazCraneEngineering зауыты. Қазіргі уақытта аумақты абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын, өндірістік жабдықтарды монтаждау жалғасуда. Кәсіпорынды қыркүйек айында іске қосу жоспарланған.
Сонымен қатар арнайы экономикалық аймақтың инженерлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінде аумақ толықтай электр энергиясымен, жылумен және сумен қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек, ұзындығы 11 шақырым болатын автомобиль жолдарының құрылысы жүргізілуде.