СҚО-да 18,9 мың гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Солтүстік Қазақстан облысында 18,9 мың гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Бұл туралы «AMANAT» партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының көшпелі отырысында белгілі болды. Ауыл тұрғындары енді бұл жер учаскелерін мал жаю және шөп шабу үшін пайдаланады.

Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар ауданында мемлекет меншігіне 11 мың га, Қызылжар ауданында 4,2 мың га, Жамбыл ауданында 2,5 мың га, Ғ.Мүсірепов ауданында 800 га және Мамлют ауданында 400 га жер қайтарылды.

Бұған қоса, Айыртау, Тайынша, М.Жұмабаев аудандарында мал жаю үшін 29 мың га жайылым жерді халыққа өтеусіз беру жөнінде ауыл шаруашылығы құрылымдарымен меморандум жасалды. 

Мамлют ауданы Белое ауылының тұрғындарымен әңгімелесу кезінде комиссия мүшелері өңірде ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару бойынша жүргізілген жұмыстар туралы айтып, жер қатынастары саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Солтүстік Қазақстан облысындағы негізгі мәселе – пайға берілген жер болып отыр. Картадағы талдау жұмыстары жер мәселесіндегі айла-шарғыдан аман қалған бірде-бір аудан жоқ екенін көрсетеді. Соның кесірінен кейбір пай иелері мәселені шешу мүмкін емес деп ойлап, қалаға көшіп кетті. Көбісі сот процесінде ұтылып, бізге жүгінеді. Басқалары ЖШС тарапынан қысым көреді. Комиссияның бүгінгі міндеті – жерді бір ЖШС-ден алып, екіншісіне беру емес. Біздің міндетіміз – жер қатынастары саласындағы заң үстемдігі мен әділдікті қалпына келтіру. Біз түрлі процестерге ықпал етіп, заңға көптеген түзетулер енгізе аламыз, – деп атап өтті «Жер аманаты» комиссиясы төрағасының орынбасары, заңгер Бақытжан Базарбек.

Өз кезегінде, комиссия мүшесі, блогер Ғалым Байтоқ ауыл тұрғындарының басым көпшілігі шаруаларды жерсіз қалдырған ірі корпорацияларға шағым түсіретініне назар аударды. Қазір бұл мәселелер сотта қаралып жатыр. 

Елді мекендерде рақымшылық жасалуы керек деп санаймын. Мемлекет істі аяқсыз қалдырғаны үшін тұрғындар кінәлі емес. Мүмкін, шенеуніктердің қандай да бір мақсаты болған шығар. Мемлекеттік органдар басшыларына қандай ескертулер айтылғанын естідіңіздер. Тіпті, оларды қызметтен босату жөнінде де мәселе көтерілді. Комиссия мүшелері ретінде, біздің міндетіміз мониторинг жүргізу, қадағалау және тұрғындармен әрдайым байланыста болу, – деп атап өтті ол.

Комиссия мүшесі, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов қолданыстағы шаруа қожалықтарының тиімсіздігіне назар аударды.

Мысалы, адамдардың бір бөлігі қалада тұрады. Жалған құжат жасау, жиналыс өткізбеу арқылы жерді бір компаниядан екінші компанияға беріп жіберген шаруашылықтар бар. Сот ісі болады. Шын мәнінде, жер әубастан-ақ игеру, пайдалану үшін алынбағаны түсінікті. Құжаттардағы шатасулар ақыр-соңында жердің құнарын кетіріп, сапасын төмендетіп тынады. Бұл айналыспаса болмайтын аса маңызды мәселе, – деді ол.

Белое ауылының тұрғыны, агроном-ғалым Светлана Гаук жайылымдарды ашық бөлуге шақырды: «Осы шаруашылықтардың кімге тиесілі екенін білу үшін ортақ карта жасау керек. Бұл карта тұрғындардың жерге кім иелік ететінін және нақты қай жерді иеленіп отырғанын көре алуы үшін қажет».

Сол күні партияның Петропавлдағы облыстық филиалында «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері азаматтарды қабылдады. Өтініш білдіргендердің басым көпшілігі – жерінен айырылып қалған адамдар. Олардың арасында Айыртау, Ақжар, Жамбыл және Шал ақын аудандарының тұрғындары болды. Жер мәселесімен комиссияға өңірдің 60-тан астам тұрғыны жүгінді. Барлық мәселе партиялық бақылауға алынды.

Айта кетейік, кейінгі бірнеше айда комиссия мүшелері Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл, Түркістан және Ақтөбе облыстарында болды. Жалпы, «Жер аманаты» комиссиясының көмегімен 285 мың гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы