СҚО балалар ауруханасында шұғыл хирургиялық орталық ашылды
Петропавл, BAQ.KZ тілшісі. Солтүстік Қазақстанда балалар ауруханасы жанынан шұғыл хирургиялық орталық ашылды. Заманауи медициналық қондырғылармен жарақтандырылған нысан 130 мың балаға медициналық қызмет көрсетпек.
Орталықтың ашылуы «Сәби» қорының демеушілігімен жүзеге асырылып отыр. Жоба құны 335 млн теңгені құрады.
Аурухананың кіреберісі, кейбір бөлімдері күрделі жөндеуден өтті. Әсіресе операция залын ерекше атап айтқым келеді. Бұнда еуропалық стандарттарға сай қондырғылар, желдету жүйесі іске қосылды. Ол ғимарат ішінде инфекцияның таралу деңгейін едәуір төмендетеді. Орттапедиялық үстел, шамдар – дәрігерлік қызметтің сапасының жақсаруына өз септігін тигізері анық. Оның барлығын «Сәби» қоры өз мойнына алды, - дейді ортопед-хирург Асылхан Жағыпаров.
Биыл «Сәби» қорының құрылғанына 20 жыл толады. Осы уақыт аралығында ұйым әр қалада 4 медициналық бөлім ашуға 1 млрд теңге жұмсаған. Петропавлдағы орталықтың ашылуына қордың президенті Әсел Тасмағамбетова да келді.
Уақытылы көрсетілген хирургиялық көмек науқас өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл идея әсіресе бір аурухана бар қалаларда өзекті. Әсіресе қазіргі пандемия уақытында емдеу мекемелеріне түсер салмақ артты. Ал заманауи медициналық қондырғылар дәрігерлердің жұмысын айтарлықтай жеңілдетері анық, - дейді ол.