СҚО әкімі: Ауылдарды сумен қамтуға көп қаржы құйылып жатыр
Ауылдарымызды орталық су жүйесіне қосу үшін қомақты қаржы құйылып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мәселен, Мамлют ауданындағы Белое ауылына 658 миллион теңге бөлінді. Ауылда 26 шақырымды құрайтын топтық және тарату желілерінің құрылысы аяқталуда. 2 резервуар, станция және 70 құдық орнатылды. 222 отбасы үйге су тартуға мүмкіндік алды. 50 үй оны пайдаланды.
Белое ауылының тұрғындарымен кездестім. Серіктестік басшыларымен бірлесіп шешуді қажет ететін мәселелерді талқыладық. Тұрғындар демалыс орнының қажеттілігі туралы мәселе көтерді, - деп жазды СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.
Биыл 55 ауылға сумен қамту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, 5 жыл ішінде 483 км тарату желілері салынды. Тарату желілері бар ауылдар саны 60% өсіп, 179 ауылдан 295 ауылға дейін жетті. Ауыл тұрғындары кір жуғыш машина мен душ орнатуда. Айта кету керек, соңғы жылдары тұрғындар пайдаланатын су көлемі 70%-ке көбейген. 2023 жылға жоспарларды белгіледік. Келер жылы облысымыздың 16 мыңнан астам тұрғыны бар 30 ауылда жұмыстар жүргізілмек.