"СҚ-Фармация" мен фармкомпанияларға қылмыстық тергеу басталды – депутат
Прокуратура "СҚ-Фармация" мен фармацевтикалық ұйымдардағы миллиардтаған қаржыға қатысты тергеу бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс депутаттары Бақытжан Базарбек пен Мұрат Әбеновтің бастамасымен Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) деректері бойынша Бас прокуратураға жолданған өтініш нәтижесінде бірқатар фармацевтикалық ұйымға қатысты қылмыстық тергеу басталды. Бұл туралы Бақытжан Базарбек өзінің Facebook-тегі парақшасында хабарлады.
Тексерулердің негізгі бағыттары
"Инфекцияға қарсы препараттар ғылыми орталығы" АҚ (Қоғам):
– Жалған клиникалық зерттеулер жүргізу арқылы 166,4 млн теңге қаражат игерілген;
– Шын мәнінде алынбаған жабдыққа 36,7 млн теңге заңсыз жұмсалған.
"СҚ-Фармация" ЖШС (Бірыңғай дистрибьютор):
– Дәрі-дәрмек сатып алу барысында мемлекетке 35,8 млрд теңге көлемінде залал келтірген.
"ҚазМедПром" ЖШС:
– Медициналық қолғаптарды нарықтан әлдеқайда жоғары бағамен сату арқылы 5,3 млрд теңге бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланған.
Бас прокуратура бұл деректерді ақпаратты есепке алу кітабына (АЕК) тіркеп, Қаржылық мониторинг агенттігіне процестік шешім қабылдау үшін жолдаған.
Сонымен қатар, жалпы сомасы 200 млн теңгеден асатын жалған зерттеулер мен алынбаған жабдықтарға қатысты Алматы қаласының прокуратурасына тексеру тағайындау туралы нұсқау берілген.
Бұдан бөлек, Бас прокуратура "СҚ-Фармация" ЖШС мен Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының қызметін кешенді тексеру бастамасын көтеріп отыр.
Бақытжан Базарбек бұл процесті нақты бақылауда ұстайтынын айтты.
Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бүгін Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында 2026 жылы 1 қаңтардан бастап жаңа ҚҚС енгізген соң дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауына қатысты жауап берді.