"СҚ-Фармация" Антикордың сын-пікіріне жауап берді
"СҚ-Фармация" ЖШС басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков ұйымда өткен брифингте компанияға қатысты 2024 жылы Антикор айтқан сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Антикордың сол кездегі баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, фармацевтикалық компаниялар бұл олқылықты басқа жеткізушілермен келісіп пайдаланып, тендерлерді барынша жоғары бағамен жеңіп отырған. Ал «делдал-жеткізушілердің аукционның алғашқы кезеңінде жиі қатысудан бас тартуы, тендерлерге жұптасып қатысуы және "жеңісті өзара алмастыруы» картельдік сөз байласудың кеңінен қолданылғанын көрсетеді" деп атап өтілген. Антикор өкілдерінің түсіндіруінше, "мұның бәрі жалған бәсекелестік қалыптастырып, сатып алу бағасын жоғары деңгейде ұстап тұру үшін жасалған".
Бұл мәселеге қатысты компания басшысы былай деп түсіндірді.
Әрине, түрлі мәлімдемелер болды. Сол мәлімдемелерге сәйкес тиісті жауаптар берілді. Біз сатып алатын дәрі-дәрмектер нарықтағы бағадан жоғары болмауы керек деген мәселелер көтерілді. Осы бағытта Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан қажетті жұмыстар атқарылып, нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілді. Қазір біз сатып алуды "Электрондық қаржы орталығы" порталы арқылы жүзеге асырып отырмыз, – деді ол.
Сонымен қатар бірыңғай дистрибьютор басшысы компания ішінде де тұрақты мониторинг жүргізіліп жатқанын айтты.
Қазіргі таңда мен мұндай фактілер жоқ деп есептеймін. "Картельдік сөз байласу" мәселесі бойынша біз белсенді әрі нәтижелі жұмыс істеп жатырмыз, – деп түйіндеді Нұрлыбек Асылбеков.