Спорттың барлық түрі бойынша міндетті түрде тексеріс жүргізу керек – кәсіби боксшы
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандық кәсіби боксшы Аида Сатыбалдинова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жолдады. Видео Instagram-дағы @vestikzsport парақшасында жарияланды.
Видеода Сатыбалдинова отандық спорттағы бірқатар мәселені көтеріп, мемлекеттен спортқа бөлінген қаражаттың ұрланып жатқанына назар аударуға шақырды.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, мен – Аида Сатыбалдинова, Көкшетау тумасымын. Қазіргі таңда мен – кәсіпқой боксшымын, WBF International чемпион атағына ие болдым. АҚШ-та тұрып жатқаныма 3 жыл болды. Алайда шаршы алаңға тек Қазақстан туымен шығамын, - дейді спортшы.
Ол бокстағы өзекті мәселені көтерді.
Қазақстандағы спорт мәселесін көтергім келеді. Мен мемлекетіміз спортты дамытуға қомақты қаржы бөліп жатқанын білемін. Оған өте қуаныштымын. Алайда мұндағы өзекті мәселеге тоқталғым келеді.
Біріншіден, менің ойымша, Қазақстанның барлық өңірінде спорттың барлық түрі бойынша міндетті түрде тексеріс жүргізу керек. Онда еңбек етіп жүрген спортшылардың санын міндетті түрде анықтау қажет. Себебі оларға ақша бөлініп жатыр ғой.
Екіншіден, 40 адамға дайындық жүргіземіз деп өтінім беріледі. Алайда іс жүзінде бұл дайындыққа 25 адам қатысады. Ал 15 адамға бөлінген ақша ұрланады, - дейді Аида Сатыбалдинова.
Сонымен қатар, ол легионерлер мәселесін де көтерді. Оның пікірінше, легионерлер қазақстандық спортшылар болмаған жағдайда керек.
Спортшыларымыз болған кезде 2-3 есе көп жалақы төлейтін легионерлердің не керегі бар? Мен инвестиция тек біздің спортшыларымызға ғана бөлініп, соларды дайындау керек деп санаймын. Олар еліміздің туын әлемдік аренада мақтанышпен көтереді, - дейді боксшы.
Сатыбалдинова қазақстандық жаттықтырушылар мен боксшылар арасындағы мәселені шешуді сұрады. Оның айтуынша, олар «спортшыларды қандай да бір жарыстарға немесе дайындық жиынына барған деген құжатқа қол қоюға мәжбүрлейді». Бірақ іс жүзінде спортшы ешқайда бармаған. «Алайда бөлінген ақша, ұрланып жатыр» дейді ол.
Назар аударғаныңызға рақмет. Біз бірлесіп, әділ мемлекет құра аламыз деген сенімдемін, - дейді боксшы.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Қазақстан азаматтары тағы бір елге визасыз бара алады
Өзгелердің жаңалығы