Спортта талант аздық етеді, енді технологияны меңгеру маңызды – сарапшылар
Жасанды интеллект енді спортшының бабын да болжайды
Астанада Қазақ ұлттық спорт университетінде NEW ERA OF SPORT: Education. Science. Innovation. Excellenceхалықаралық конференциясы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Іс-шара аясында спорттағы жасанды интеллект пен аналитика, спорт экожүйесі, спорт ғылымы мен білім берудің болашағы, сондай-ақ спортшыларды даярлауда ғылыми зерттеулерді қолдану мәселелері талқыланды.
Конференцияда елімізде құрылған жаңа Жасанды интеллект ұлттық зерттеу университетінің ректоры, PhD докторы Сапар Тоқсанов жасанды интеллектінің спорт саласындағы рөліне тоқталды.
Оның айтуынша, қазір жасанды интеллект деректерді талдау мен болжау бағытында қарқынды дамып келеді. Бұл технология спортшылардың дайындығын тиімді жоспарлауға, олардың физикалық бабын бақылауға және алдағы өзгерістерді алдын ала болжауға мүмкіндік береді.
Алайда ең маңызды мәселе – жасанды интеллектіні тұтынатын емес, оны жасайтын мамандарды даярлау. Бүгінде еліміз үшін басты міндеттердің бірі – болашақта жаңа технологияларды әзірлей алатын кадрларды тәрбиелеу. Сондықтан университеттердің де рөлі түбегейлі өзгеруі қажет, – деді Сапар Тоқсанов.
Ол қазіргі білім беру жүйесінде университеттердің міндеті бұрынғыдан әлдеқайда кеңейгенін айтты. Оның сөзінше, болашақ университеті енді тек белгілі бір мамандыққа маман даярлап қана қоймай, жаңа кәсіптерді қалыптастыратын тұлғаларды тәрбиелеуі керек.
Бұрын университеттің негізгі міндеті білім беру болса, бүгінде ақпараттың өзі баршаға қолжетімді. Кез келген адам іздеу жүйесіне немесе ChatGPT сияқты құралдарға сұрақ қойып, бірнеше секунд ішінде қажетті мәліметті ала алады. Сондықтан университеттің міндеті жай ғана ақпарат жеткізу емес, әлі жоқ дүниені жасауға үйрету болуы керек. Біз студенттерге дұрыс сұрақ қоя білуді, жаңа идея табуды және алған білімінің негізінде тың өнім немесе технология жасауды үйретуге ұмтыламыз. Ең маңызды дағды – жаңа білім өндіру қабілеті, – деді ол.
Сапар Тоқсановтың айтуынша, оқыту үдерісі де өзгеруі тиіс. Бұрынғыдай дәріс пен семинарға ғана сүйену жеткіліксіз. Қазіргі кезеңде жобалық оқытуға басымдық беру маңызды.
Қазіргі жұмыс берушілер дипломнан бұрын адамның қандай дағдылары бар екеніне, қандай жобалар мен зерттеулерге қатысқанына назар аударады. Сондықтан біз «дипломнан – портфолиоға» көшуіміз керек. Университет түлегінің нақты жобалары, зерттеулері мен әзірлемелерінен тұратын портфолиосы болуы тиіс, – деді ректор.
Ол жасанды интеллект жеке бір мамандық емес, кез келген кәсіпке қажет жаңа сауаттылық екенін айтады. Осыған байланысты жаңа университеттің білім беру моделі AI + X қағидатына негізделген. Мұнда AI – жасанды интеллект бойынша базалық білім болса, X – нақты салалық құзырет.
Тек жасанды интеллектіні оқыту жеткіліксіз. Міндетті түрде қолданбалы бағыт болуы қажет. Өйткені жасанды интеллект өздігінен ғана емес, медицинада, білім беруде, өндірісте, спортта және басқа да салаларда үлкен өзгерістер жасап жатыр. Сондықтан студенттер осы өзгерістерге дайын болуы тиіс, – деді Сапар Тоқсанов.
Халықаралық деңгейдегі көшбасшы, Duke университетінің Фукуа бизнес мектебінің MBA түлегі, AAA Consulting компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Әсел Аяпова да спорттық білім беруде жасанды интеллектіні қолдану мәселесіне тоқталды.
Оның айтуынша, технология мен ақпараттық кеңістіктің жылдам дамып жатқаны соншалық, жаңа дағдыны меңгеріп үлгермей жатып, жаңа құралдар пайда болады.
Білім беру саласына келгенге дейін мен 20 жылға жуық өндіріс пен индустрияда жұмыс істедім. АҚШ-та, Вашингтонда он жылдан астам еңбек еттім. Соңғы сегіз жылда коммерциялық салада, соның ішінде энергетика және жасыл энергетика бағытында дрондар мен робототехника бағдарламаларын басқардым, – деді Әсел Аяпова.
Ол өндіріс саласында жасанды интеллектінің қалай қолданыла бастағанын мысалға келтірді. Оның сөзінше, дрондар мен роботтар арқылы миллиондаған дерек, сурет пен видео жиналған кезде, оны адам күшімен өңдеу мүмкін болмаған.
Бізге деректерді талдап, сапалы ақпарат беретін құрал қажет болды. Шамамен жеті жыл бұрын энергетика саласында жасанды интеллект енді ғана қолданыла бастаған еді. Біз сол деректерді машиналық оқыту жүйелеріне енгізіп, сапалы талдау алуға тырыстық. Кейін бұл ақпаратты бизнесті басқаруда қолдандық, – деді ол.
Әсел Аяпова бүгінде мемлекеттік органдар, коммерциялық құрылымдар мен университеттер жасанды интеллект құралдарын белсенді қолдануға көшкенін айтты. Оның пікірінше, жасанды интеллектіні тыйым салынатын құрал ретінде емес, саналы әрі дұрыс қолданылатын мүмкіндік ретінде қабылдау қажет.
Алдағы он жылда еңбек нарығында талап етілетін негізгі құзыреттер өзгереді. Бұл спорт саласына да тікелей қатысты. Спортшылар, жаттықтырушылар, оқытушылар, психологтар және спорт индустриясымен байланысты барлық мамандар жаңа технологияларды түсініп, қолдана білуі керек, – дейді ол.
Ол өз тәжірибесінен де мысал келтірді. Әсел Аяпова биыл алғаш рет толық марафон жүгіргенін, дайындық кезінде Garmin құрылғысы мен ChatGPT құралын белсенді қолданғанын айтты.
Garmin арқылы күнделікті ағзамның жағдайын, жаттығу барысын, қалпына келу деңгейін бақылап отырдым. Ал менің негізгі жаттықтырушым Garmin мен ChatGPT болды деуге болады. Бұл әуесқой спорттың өзінде технологияның қаншалықты маңызды рөл атқара бастағанын көрсетеді, – дейді ол.
Сонымен қатар ол жасанды интеллект берген ақпаратқа толықтай сенуге болмайтынын ескертті.
Адам жасанды интеллект берген деректерді дұрыс түсініп, дұрыс талдай білуі қажет. Өйткені жасанды интеллект қателеседі. Ғылыми зерттеу, нақты есептеу немесе маңызды талдау кезінде ChatGPT, Claude сияқты құралдардың жауабына толық сенуге болмайды. Оны міндетті түрде дереккөздермен салыстырып, қайта тексеру қажет, – деді Әсел Аяпова.
«Қазақстан гольф федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Астана қалалық филиалының директоры Даниярхан Шоранов гольф спортындағы цифрлық технологиялардың маңызын айтты.
Оның сөзінше, бүгінде гольфта жеңіске тек физикалық дайындығы мықты спортшы ғана емес, деректерді тиімді талдай алатын спортшы жетеді.
Сондықтан біз жасанды интеллектіні, компьютерлік көру технологияларын, үлкен деректерді және биомеханиканы қатар қолданамыз. Гольф – жасанды интеллектіні енгізуге өте қолайлы спорт түрі. Әрбір соққыны ондаған параметр арқылы сипаттауға болады. Ал бір ойынның өзінде мыңдаған көрсеткіш жиналады, – дейді Даниярхан Шоранов.
Ол гольфта спортшының биомеханикасы, соққы жылдамдығы, доптың ұшу траекториясы, шабуыл бұрышы, ауа райының әсері және басқа да факторлар талданатынын атап өтті.
Бүгінде жасанды интеллект соққы техникасын бейне арқылы талдайды, әр соққының нәтижесін болжайды, жеке жаттығу бағдарламаларын ұсынады, ойын стратегиясын құруға және шамадан тыс жүктеменің алдын алуға көмектеседі, – деді ол.
Даниярхан Шоранов жасанды интеллект жаттықтырушыны алмастырмайтынын, бірақ оның жұмысын әлдеқайда дәл әрі тиімді ететінін айтты. Оның сөзінше, алынған мәліметтер әр спортшыға арналған жеке дайындық бағдарламасын жасауға, тамақтану мен қалпына келу режимін дұрыс жоспарлауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар цифрлық технологиялар жарыстарды ұйымдастыру мен төрешілік ету процесінде де қолданылады. Федерациядағы арнайы қосымша арқылы турнир нәтижелері онлайн тіркеледі, ал даулы жағдайларда бейнеқайта қарау арқылы нақты шешім қабылданады.
Біз үшін цифрлық технологияларды дамыту маңызды бағыттардың бірі. Осы мақсатта Қазақ ұлттық спорт университетімен бірлесіп гольф зертханасы ашылды. Онда ғылыми зерттеулер жүргізіліп, спорттық аналитиканы дамытуға үлес қосады деп сенеміз, – дейді Даниярхан Шоранов.