Спортшыларымыз жаһандық аренада жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, мемлекетіміздің беделін көтеріп жатыр – Президент
Мемлекет басшысы дүбірлі додада ел намысын абыроймен қорғаған спортшылардың жетістіктеріне тоқталып өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
– Азия ойындарында бақ сынаған белгілі спортшымыз Темірлан Тілеулестің есімі де отандық және әлемдік спорт тарихында қалатыны сөзсіз. Ол таэквондодан ел тарихындағы алғашқы алтын медальді жеңіп алды. Боксшыларымыз Төрехан Сабырхан мен Айбек Оралбай чемпион атанып, ел намысын абыроймен қорғады. Қазақстанның мақтанышы атанған тағы бір спортшымыз – Софья Берульцева. Софья Токио Олимпиадасында каратэден қола жүлде алып, мемлекетіміздің абырой-беделін биіктетті. Ол осыдан төрт жыл бұрынғы Азия ойындарында алтын медаль еншіледі. Енді, міне, Жапония төрінде нағыз спорт шебері екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, Азиаданың екі дүркін чемпионы атанды. Қазақстан тарихында алғаш рет Азия ойындарының алты дүркін чемпионы атанған Алексей Луценко арамызда отыр. Ол Жапонияда өткен Жазғы Азия ойындарында жекелей және топтық веложарыста қос алтын медальді жеңіп алды. Алексей Луценко жылдар бойғы табанды еңбегінің, темірдей тәртібінің және қайсар мінезінің арқасында тамаша табысқа жетті. Параазия ойындарының екі мәрте чемпионы атанған Давид Дегтярев кәсібиліктің, ерліктің әрі жеңіске деген құштарлықтың жарқын үлгісін көрсетті. Өткен жарыстарда Азияның жаңа рекордын орнатып, жеңіс тұғырына көтерілді. Пауэрлифтер Давид Дегтярев еліміздің және әлемнің ең атақты атлеттерінің бірі – екі Жазғы Паралимпиада ойындарының жеңімпазы, үш дүркін әлем чемпионы. Спортшыларымыз өз жетістіктері арқылы Қазақстанның Туын халықаралық аренада биікте желбіретіп жүр, – деді Президент.