Спортшылар Елбасы кітапханасының музейіне құнды заттарын табыстады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы еліміздің атақты спортшыларымен кездесу өткізді.
Жиын барысында Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат пен Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев меморандумға қол қойды.
Талай байрақты бәсекелерде топ жарып, ел мерейін асырған даңқты спортшылар кітапхана музейіне құнды заттарын табыстады. Мысалы бокстан 2005 және 2007 жылдардағы әлем чемпионы, 2012 жылғы Олимпиада чемпионы, бүгінде Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев 2009 жылы Миланда өткен әлем чемпионатында шаршы алаңда киіп шыққан формасын табыстады.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасымен меморандумға қол қойдық. Мұндай іс-шара өскелең ұрпақты патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге қажет. Парламент Мәжілісі мен Сенатының депутаттары келіп қатысты. Еліміздің атын спорттық ареналарда шығарған атақты спортшылар өздерінің құнды заттарын табыстап жатыр. Бұл дәстүрге айналып, келесі жылы да жалғасады деп үміттенемін. Мен өзім 2009 жылы Миланда өткен әлем чемпионатында шаршы алаңда киіп шыққан формамды әкеліп беремін, - дейді Серік Сәпиев.
Одан бөлек басқа да Олимпиада, әлем чемпионаттарында жүлде салған спортшыларымыз жеке заттарын Елбасы кітапханасының музейіне сыйға тартты.
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаеваның әкесі Байтақ Тұрсынбаев қызының әлем чемпионатында күміс медаль алған кезде киген конькиін табыстады.
Тәуелсіздік тарихында грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы атанған жалғыз отандасымыз Юрий Мельниченко спорттық мансабындағы жеңіп алған көптеген кубогының бірін сыйлады.
Ресми түрде спортшыларға арналған даңқ музейі ашылды. Қазақстан спортының дамуына орасан зор үлес қосқан спортшылар өздерінің құнды заттарының бірін осында өткізіп жатыр. Мен жеңіп алған кубоктарымның бірін табыстадым. Бұл мен үшін зор мәртебе, құрмет. Алдағы уақытта мұнда балалар келіп, экскурсия жасайды. Сол кезде олар көріп тамашалайды. Біздің спортшылар әрқашан халықаралық ареналардан еліміздің намысын лайықты қорғаған. Оны бәрі жақсы біледі. Алдағы уақытта да жеңістерімен қуанта беретіне мен сенімдімін, - дейді Юрий Мельниченко.
Ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин музей коллекциясын 2014 жылғы алтын медальмен толықтырды.
Мен 2014 жылы Алматыдағы әлем чемпионатында жеңіп алған алтын медалімді сыйға тарттым. Өздеріңіз білесіздер, сол жолы әлемдік рекорд орнатып, 242 келі көтергенмін. Мен медалімді халыққа беріп жатырмын. Өйткені оның бәрі онсызда халықтың жүлдесі. Кейде бәрін өткіземін деп ойлаймын. Үйде тұрғанда не істеймін? Жалпы жыл сайын осылай табыстап тұратын шығармын. Сонда 10 жылда беріп боламын, - дейді Илья Ильин.
Көркем гимнастикадан Азияның екі дүркін абсолютті чемпионы Әлия Юсупова халықаралық турнирдің статуэткасы мен алтын медалін және таяқшасы бар лентаны табыс етті.
Боксшы Данияр Елеусінов музейге өзінің алтын бокс қолғабын, балуан қызымыз Гүзел Манюрова боз кілемде киген трикосын берді.
Мен өзімнің Рио Олимпиадасынан кейінгі берілетін ресми алтын қолғапты сыйға тарттым. Олимпиададан кейін сувенир берген болатын. Мұражайға өткізуді жөн көрдім. Еліміздің 30 жыл мерейтойына орай, өзімде елдің құрдасымын. Елдің жеңістері менің жеңістеріммен тұспа-тұс келгендіктен осындай шешімге келдім, - дейді Данияр Елеусінов.Қазақстан байкерлер қауымдастығының президенті Дмитрий Петрухин де қалыс қалмады.
Үш рет Қазақстан барысы атанған Бейбіт Ыстыбаев 2015 жылы Елбасының өзі тапсырған белбеуді, Джиу-джитсудан әлем чемпионы Мөлдір Мекенбаева 2019 жылы Моңғолияда өткен Азия чемпионатының медальдарын тарту етті.
Сол секілді осы спорт түрінен Азия ойындарының жеңімпазы Дархан Нортаев Қазақстан джиу-джитсу қауымдастығының атынан әлем чемпионатының кубогын сыйлады.
Алып күш иесі Қажымұқан Мұңайтпасов пен Балуан Шолақтың мұрасын жалғастырушы, Сергей Цырульников қонақтардың алдында өзінің өнерін көрсетіп, ат тағасын майыстырды. Кейіннен тағаны музейдің қорына өткізді.
Елбасы кітапханасында жастарды салауатты өмірге шақырып, ерекше энергиямен бөлейтін интерактивті алаң бар екен. Осы алаңда Илья Ильин зілтемірді көтерсе, Серік Сәпиев бокстасып көрді. Екеуі де өздерінің цифрлы қарсыластарын тізе бүктірді.
Іс-шара соңында жасөспірімдер мен оқушылар спорт жұлдыздарымен бірге құрмет тұғырына көтеріліп, чемпиондардан қолтаңба алды.