Спортшылар 80 жастағы ақсақалға ауласының қарын күреуге көмектесті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл Нұр-Сұлтанда Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесін атап өту игі істерге арналады. Сауабы мол мұндай істен елордалық спортшылар да шет қалмады. Олар елордада қарт кісілердің ауласының қарын күреуге көмектесті.
Қала әкімдігінің ресми сайтында хабарланғандай, бір топ әлем және Азия чемпиондары Үркер тұрғын алабында тұратын 80 жастағы ақсақал Мереке Ақашев пен «Алтын Алқа» иегері Марғима әжейдің ауласының қарын күреді. Олар игі іске атсалысқан жастарға алғыстарын айтып, баталарын берді.
Айта кету керек, әрдайым қайырымдылық шараларының басы-қасында жүретін елорда спортшылары қар шығару үшін арнайы техниканы да жұмылдырды.
Акцияға 20-ға жуық адам қатысты. Олардың арасында джиу-джитсудан әлем чемпионы Ислам Мамилов, муай-тайдан әлем чемпионы Алмаз Сәрсембеков, киокушинкай-кан каратэден әлем чемпионы Әлішер Карменов, таэквондодан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері Қанат Бағжан, таэквондодан «Азия балалары» халықаралық спорттық ойындарының жеңімпазы Ерасыл Бекболат бар.
Іс-шара санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып өткізілді.