28 Қыркүйек 2026, 13:25 Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Спортпен айналысатын жастар нені білуі керек: Дәрігер жиі кездесетін жарақаттарды атады

Маман жас спортшыларға маңызды кеңестер берді.

Жас спортшылар арасында соғылу, созылу, байлам, бұлшықет пен сіңір жарақаттары жиі кездеседі. Ал жаттығу кезінде шамадан тыс күш түсіру немесе жарақаттан кейін спортқа асығыс оралу жағдайды ушықтыруы мүмкін. Спорттық жарақаттың алдын алу үшін неге мән беру керек, қай кезде дәрігерге қаралған жөн және жарақаттан кейін жаттығуға қашан оралуға болады? Осы және өзге де сұрақтарға тәжірибелі дәрігер-травматолог-ортопед, PhD докторанты әрі зерттеуші Тоқтаров Түсіпхан Әбдіғалиұлы BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында жауап берді.

- Түсіпхан Әбдіғалиұлы, жастар арасында қандай спорттық жарақаттар жиі кездеседі?

- Жастар арасында жиі кездесетін спорттық жарақаттарға соғылу, созылу және байламдардың зақымдануы, бұлшықет пен сіңір жарақаттары, буынның шығуы және сүйектің сынуы жатады. Әсіресе тобық буынының зақымдануына ерекше назар аудару қажет.

Ағза белсенді өсіп жатқан кезеңде шамадан тыс жүктемеден болатын жарақаттар да кездесуі мүмкін. Олар біртіндеп дамиды және әрдайым белгілі бір жарақатпен байланысты бола бермейді.

- Спорттық жарақаттар қандай себептерден болады?

- Бұған бірнеше себеп бар. Негізгі факторлардың қатарында жаттығу алдында дұрыс қызынбау, жаттығуларды орындау техникасының дұрыс болмауы, дене жүктемесін күрт арттыру, жаттығулар арасында жеткілікті демалмау және сәйкес келмейтін спорттық жабдықтарды пайдалану бар.

Жасөспірімдер кезінде өсіп келе жатқан ағзаның ерекшеліктерін де ескеру қажет. Қимыл-қозғалыс жүйесі қарқынды дене жүктемесіне әрдайым бірдей тез бейімделе бермейді.

- Спорттық жарақаттың алдын алу үшін не істеу керек?

- Спорттық жарақаттың алдын алу дұрыс ұйымдастырылған жаттығу процесінен басталады. Дене жүктемесін біртіндеп арттырып, жаттығу алдында толыққанды қызыну жаттығуларын жасау керек. Сонымен қатар жаттығу бағдарламасы спортшының жасына және дене дайындығының деңгейіне қарай таңдалуы тиіс.

Қимылдарды дұрыс орындау техникасы, ыңғайлы аяқ киім және қорғаныс құралдары да маңызды рөл атқарады. Толыққанды ұйқы, теңгерімді тамақтану және ағзаның қалпына келуіне жеткілікті уақыт бөлу де аса маңызды.

- Қандай жағдайда маманға жүгіну қажет?

- Егер жарақат алып қалсаңыз, қатты ауырсынуға қарамастан жаттығуды жалғастыруға болмайды. Ауырсынудың күшеюі, ісіну, қимылдың шектелуі, аяқ-қолға қалыпты салмақ түсіре алмау немесе оның деформациясы дене жүктемесін тоқтатып, маманға жүгінуге себеп болады.

Жарақаттың сипатына қарай дәрігер қосымша тексеру қажет пе, жоқ па, соны анықтап, әрі қарайғы емдеу тәсілін таңдайды.

- Спорттық жарақат қалай емделеді?

- Спорттық жарақатты емдеу тек ауырсынуды басуға бағытталмайды. Негізгі мақсат – зақымданған аяқ-қолдың қызметін қалпына келтіріп, адамның дене белсенділігіне қауіпсіз оралуына дайындау.

Зақымның түріне қарай емдеу дене жүктемесін шектеуді, зақымданған жерді бекітуді, көрсетілім бойынша дәрі-дәрмекпен емдеуді, емдік дене шынықтыруды, физиотерапияны, ал кейбір жарақаттар кезінде хирургиялық емді қамтуы мүмкін.

- Жарақаттан кейін қалпына келу және спортқа қайта оралу кезінде нені ескеру керек?

- Оңалтудың маңызы өте зор. Жас спортшылар жиі жіберетін қателіктің бірі – ауырсыну басылғаннан кейін жаттығуға тым ерте оралу. Алайда бұл кезде бұлшықет күші, буындардың қимыл ауқымы, қозғалыс үйлесімділігі мен тұрақтылығы әлі толық қалпына келмеуі мүмкін.

Спортқа оралу біртіндеп жүзеге асырылуы керек. Бұл ретте тек ауырсынудың жоқтығына ғана емес, қимыл ауқымының, бұлшықет күшінің, қозғалыс үйлесімділігі мен тұрақтылықтың қалпына келуіне, сондай-ақ нақты спорт түріне тән жүктемелерді орындай алу қабілетіне де назар аудару қажет.

Спорт денсаулықты нығайтып, ағзаның үйлесімді дамуына ықпал етуі тиіс. Дұрыс алдын алу шаралары, уақытылы диагностика, сауатты емдеу және толыққанды оңалту жас спортшыларға жаттығуларға қауіпсіз оралып, өздері ұнататын спорт түрімен әрі қарай айналысуға мүмкіндік береді.

- Сұхбатыңызға рахмет!