Спорт журналисімен сұхбат. «Болашақ» бағдарламасы, Олимпиада ойындары
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Болашақ» бағдарламасымен Тұманды Альбионда білім алып келген журналист, Qazsport арнасының бас редакторы Индира Бектенова BAQ.KZ студиясында қонақта болды.
Индира сұхбат барысында неліктен Англияда оқығанын, Еуропадағы спорт медиасының ерекшеліктерінен бастап, біраз сауалдарға жауап берді. Одан бөлек, халықаралық жарыстардан хабар тарату, болашақ спорт журналистері жібермеу керек қателіктер жайлы да айтты.
Ауылда қарапайым отбасыда туып өскенмін. Кішкентай кезімнен шетелде білім алсам деген арманым болатын. Осы арманым «Болашақ» бағдарламасы аясында жүзеге асты. Осыдан 2 жыл бұрын шешім қабылдап, Англияға оқуға түстім. Өзім әрдайым жан-жақты дамуды жақсы көремін. Ізденімпазбын. Әлемнің үздік университеттерінің бірі – корольдік колледжде оқыдым. Бұл әлемдік рейтингте 33-орында тұрған университеттердің бірі. «Цифрлық активтер және медиа басқару» мамандығы бойынша оқыдым. Магистратураны тәмамдап, қыркүйек айында елге оралдым, - дейді Индира Бектенова.