Спорт секциясы, жабдық, жол ақысы: Баланы спортқа беру қанша тұрады?
Баланы спортқа беру үшін ата-ана ай сайын қанша қаражат жұмсайды? Қай спорт түрі қалтаға қымбатқа түседі?
Баланы спорт үйірмесіне беру үшін абонемент ақысын төлеу жеткіліксіз. Кей спорт түрінде бастапқы жабдықтың өзі жүздеген мың теңгеге жетсе, енді бірінде ай сайынғы төлем мен жарыстарға қатысу шығыны отбасы бюджетіне салмақ түсіреді. BAQ.KZ тілшісі баланы спортқа беру кезінде ата-ана қандай шығындарға тап болатынын және бұл отбасы бюджетіне қаншалықты салмақ түсіретінін есептеп көрді.
Астаналық көпбалалы ана Алтын Өтештің айтуынша, баланың спортқа тұрақты қатысуына ай сайын қомақты қаражат қажет. Оның есебінше, бір баланың секцияға қатысуы мен жаттығуға барып-келуіне айына шамамен 80 мың теңге жұмсалады.
Астанада бір баланы спортқа тұрақты қатыстыру үшін айына шамамен 80 мың теңге жұмсалады. Оның ішіне секцияның абонементі мен баланы жаттығуға апарып-әкелу шығыны кіреді, – деді Алтын Өтеш.
Алайда спорттың бағасы таңдалған бағытқа, жаттығу жиілігіне, жабдықтың сапасына және баланың жарыстарға қатысуына байланысты өзгереді. Кейбір мемлекеттік спорт мектептерінде жаттығу тегін болғанымен, қажетті киім мен құрал-жабдықты ата-ана өзі сатып алады.
Жабдықтың өзі 120 мың теңгеден асады
Хоккей – замануи әрі танымал, сондай-ақ жабдыққа көп қаражат қажет ететін спорт түрлерінің бірі. Балаға коньки, хоккей таяғы, дулыға, қорғаныш құралдары, қолғап пен арнайы сөмке керек. Олардың бағасы сапасы мен өндірушісіне қарай айтарлықтай өзгереді.
Кішкентай балалар өте жылдам өсетін болғандықтан, ата-аналардың көбі қолданылған жабдықтарды сатып алуды жөн көреді. Маркетплейстердегі бағаларға сәйкес, хоккейге қажетті негізгі жабдықтың ең төменгі құны шамамен мынадай:
- коньки – 15 мың теңгеден;
- хоккей таяғы – 10 мың теңгеден;
- дулыға – 18 мың теңгеден;
- қорғаныш құралдарының жиынтығы – 60 мың теңгеден;
- хоккей сөмкесі – 10 мың теңгеден;
- термокиім – 5 мың теңгеден;
- қолғап – 3 мың теңгеден басталады.
Осы бағаларды қосқанда, бастапқы жабдыққа кемінде 121 мың теңге қажет. Бұл – ең төменгі бағаларға негізделген есеп. Жабдықтың кейбір бөлігін бөлек алу, өлшемнің сәйкес келмеуі немесе сапалырақ модель таңдау жалпы соманы арттыруы мүмкін.
Астанада балаларды хоккейге тегін қабылдайтын мемлекеттік спорт мектебі де бар. Мәселен, «Барыс» балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне 5 жастан бастап құжат тапсыруға болады. Қабылдау үшін медициналық анықтама мен қажетті құжаттар талап етіледі, сондай-ақ бала іріктеуден өтеді.
Демек, мемлекеттік мектепке қабылданған жағдайда ата-ана абонементке ақша төлемеуі мүмкін, бірақ алғашқыда жабдық алуға кемінде 121 мың теңге жұмсайды. Ал ақылы Алматы мен Астанадағы хоккей клубтарында 12 жаттығуға арналған айлық абонемент 80 мың теңгеден басталады. Мұндай жағдайда алғашқы айдағы шығын жабдық пен абонементті қосқанда шамамен 201 мың теңгеден басталуы ықтимал. Кейінгі айларда абонементке кемінде 80 мың теңге және жол шығыны қажет болады.
Футболдың бастапқы шығыны қанша?
Футбол хоккеймен салыстырғанда бастапқы жабдыққа аз қаражат талап етеді. Дегенмен баланың жаттығуына арнайы аяқкиім, форма, гетры тағы басқа да заттар қажет.
Жиналған бағалар бойынша футболға қажетті заттардың құны:
- футбол аяқкиімі – 15 мың теңгеден;
- форма – 10 мың теңгеден;
- гетры – 1 мың теңгеден;
- тізеге арналған қорғағыш – 3 мың теңгеден басталады.
Егер ата-ана осы заттардың бәрін өзі сатып алса, бастапқы жабдыққа шамамен 30 мың теңге жұмсалады. Ал, ақылы секцияның айлық абонементі 20 мың теңгеден басталатындықтан, алғашқы айдағы жалпы шығын кемінде 50 мың теңге болады.
Астанадағы спорт клубтарда балалар футболына арналған айлық абонементтің ең арзаны 20 мың теңге деп көрсетілген. Бұл төлем жаттығу саны мен бағдарламасына қарай 40-50 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Егер клуб форманы өзі берсе, бастапқы шығын азаяды. Ал келесі айларда ата-ана негізінен абонементке 20-50 мың теңге төлейді. Бұған жол ақысы мен қажет болған жағдайда жаңартылатын спорттық киімнің құны қосылады.
Жүзуге бару қанша тұрады?
Жүзуге қажетті жабдық футбол мен хоккейге қарағанда аз болғанымен, бассейн мен жаттықтырушы қызметіне ай сайын ақы төленеді. Нарықтағы орташа баға бойынша, жаттықтырушымен бірге жүзу сабақтарының айлық құны 25–50 мың теңге аралығында.
Бастапқыда балаға жүзу киімі, көзілдірік, бас киім және сүлгі қажет. Олардың шамамен бағасы:
- ұл балаға арналған жүзу киімі – 7 мың теңгеден;
- қыз балаға арналған жүзу киімі – 10 мың теңгеден;
- жүзу көзілдірігі – 2 мың теңгеден;
- бассейнге арналған бас киім – 1,5 мың теңгеден;
- сүлгі – 4 мың теңгеден;
- жаңадан үйреніп жүрген балаларға арналған үрлемелі құралдар – 1,5 мың теңгеден басталады.
Осы бағаларды есептегенде, ұл балаға арналған бастапқы жиынтық шамамен 16 мың теңге, ал қыз балаға арналған жиынтық 19 мың теңге болады. Айлық абонементтің ең төменгі құнын қосқанда, алғашқы айда ұл баланың жүзуіне шамамен 41 мың теңге, қыз баланың жүзуіне 44 мың теңге қажет.
Келесі айларда жүзу киімі мен керек-жарақты қайта сатып алу міндетті емес. Сондықтан тұрақты шығын негізінен бассейн мен жаттықтырушының айлық төлемінен – 25 - 50 мың теңгеден басталады. Бұған жол ақысы және қажет болған жағдайда қосымша жабдық шығыны қосылады.
Астанада жүзуден де мемлекеттік спорт мектебіне түсу мүмкіндігі бар. Қала әкімдігінің тізімінде №4 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінде жүзу бағыты көрсетілген.
Таеквондоға қанша ақша кетеді?
Бұлардан бөлек қазір таеквондо, дзюдо, күрес сияқты спорт түрлері де өте танымал. Мысалы Астана қаласында таеквондо спортының айына 12 жаттығуға арналған абонементтің орташа бағасын шамамен 20 - 25 мың теңге. Спортен айналысу үшін ең алдымен балаға жаттығу киімі қажет, оның құны 10 - 18 мың теңге аралығында. Ал жарысқа арналған арнайы форма 25 мың теңгеден басталады.
Кейбір клубтардың бағасы бұдан төмен. Мысалы, Астанадағы Alash спорт клубының жарияланған мәліметінде таеквондоға арналған айлық абонемент 18 мың теңге деп көрсетілген.
Кейінгі айларда ата-анаға негізінен 18 - 25 мың теңге көлеміндегі абонемент ақысын төлеу керек. Ал жарыстарға қатысу, жол жүру және арнайы форма сатып алу қосымша шығын әкелуі мүмкін.
Жарыс шығыны отбасы бюджетін қалай өзгертеді?
Спортпен тұрақты айналысатын бала үшін абонемент пен жабдық – шығынның бір бөлігі ғана. Бала жарыстарға қатыса бастағанда, ата-ана жол ақысы, қонақүй, тамақтану және басқа да қажеттіліктерді есептеуге мәжбүр болады. Әсіресе жарыс басқа қалада немесе шетелде өтсе, шығын көлемі артады.
Алтын Өтештің сөзінше, балалардың спорттағы жетістігін қолдау үшін отбасы тек күнделікті жаттығуға кететін ақшаны емес, жарысқа қатысуға қажетті қаражатты да алдын ала жоспарлауы керек.
Кейде жарыстар басқа қалада немесе шетелде өтеді. Ондайда жол, тұратын орын және басқа да шығындарды есептеу керек. Сондықтан кемінде үш баламды спортқа толыққанды бере алу үшін отбасымыздың айлық табысы 1,5 миллион теңгеден кем болмауы керек деп ойлаймын. Астана – қымбат қала, балалардың спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасау үшін де едәуір қаражат қажет, – деді ол.
Жол тасымалы да әсер етеді
Кей жағдайда жол шығынының өзі секция абонементінің құнымен бірдей, тіпті одан бірнеше есе жоғары болуы мүмкін. Әсіресе ата-ананың жеке көлігі болмаса, такси шығыны да едәуір жоғары болады.
Мысалы, таксидің бір бағыттағы бағасын жол ұзаұтығына қарай 1 000 - 3 500 теңге деп алсақ, баланы жаттығуға апарып, үйге қайтуға күніне 2 000 - 7 000 теңге жұмсалады.
Демек, бала аптасына үш рет жаттығуға таксимен барып-келсе, жол шығыны айына 24 - 84 мың теңге аралығында болуы мүмкін. Бұл есепте айына 12 жаттығу және әр жолға бір рет такси шақыру қарастырылған. Нақты баға қашықтыққа, сұранысқа және қарбалас уақытқа байланысты өзгереді.
Сондықтан үйірмені таңдағанда оның бағасымен қатар үйден қаншалықты алыс орналасқанын да ескерген жөн.
Астанада мемлекеттік спорт мектептері мен ваучер арқылы секцияға қатысу мүмкіндігі бар. Сондықтан баланы спортқа берер алдында ата-ана ақылы клубтардың бағасын ғана емес, тегін мектептерге қабылдау талаптарын да тексергені жөн. Ал жарияланған бағалар клубқа, жабдықтың сапасына және бала қатысатын жаттығу санына байланысты өзгеруі мүмкін.