Мәдениет және спорт министрі Семейдегі Абай музейіне барды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтоты Райымқұлова Абайдың 175 жылдық мерейтойына дайындық барысын ұйымдастыру мақсатында музейге барды.
20 қыркүйекте Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына дайындық барысын ұйымдастыру мақсатында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне барды.
Министрліктің тарихи-мәдени мұра басқармасының қызметкері Ә.Күзербаев, «Қазқайтажаңғырту» мекемесінің қызметкері Қ.Тұяқбаев, Шығыс Қазақстан облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының м.а. Р.Нұрмұхановалар музейдегі алдағы жүргізілетін жұмыстар барысымен танысты.
Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова Абай музейіндегі асыл мұраларды келешек ұрпаққа толықтай жеткізу қажеттілігін баса назарға алып, цифрландыру жұмыстарын ауқымды жүргізу қажеттілігіне тоқталды.
Сондай-ақ ведомство басшысы музей экспозициясын жаңалау кезінде заманауи технологиялармен жабдықтау, экспозицияның жаңаша үлгіде жасалуы, музейдің іші мен сыртына ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілуі қажеттігін атап көрсетті.