Спорт күніне стадион сыйлады
Спорт күні қарсаңында Сарқан қаласындағы Н.Островский мектеп-лицейінде стадион пайдалануға берілді. Оның құрылысына жергілікті бюджеттен 35 млн теңге бөлінген, - деп хабарлайды BAQ. KZ Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұған дейін оқушылар тозығы жеткен көне алаңда жаттығып келген еді. Қазір іске қосылған жаңа спорт алаңының жалпы көлемі 1800 шаршы метр, онда жасанды газон жабындысы төселген футбол алаңы, арнайы жүгіруге арналған резеңке жолақты жол жасалған. Бұдан бөлек, баскетбол және волейбол алаңдары бар. Стадион құрылысын «Millennium Story Group» ЖШС құрылысшылар жүргізді. Құрылыс жұмыстары биылғы жылдың маусым айында басталған болатын.
Сарқан ауданының әкімі Талғат Қайнарбековтың айтуынша, биылғы «Балалар жылы» аясында Сарқан қаласымен қатар, шалғай жатқан Қарабөгет, Көкөзек, Алмалы, Қарғалы ауылдарында заман талабына сай екі шағын, екі үлкен – жалпы 4 футбол стадионы, 5 стрит-воркаут және 8 балалар алаңы салынып, жыл соңына дейін қолданысқа беріледі.
Бұған дейін маусым айының соңында Сарқан қаласында жеке кәсіпкер өз қаражатына 300 адамдық «Жетісу» бассейн орталығын ашқан болатын. Мұнда келушілердің жас ерекшелігіне қарай үш бассейн тиісті қажеттіліктермен жабдықталған.
Жалпы Спорт күніне арналған шаралардың аясында Сарқандағы «Жастар» саябағында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізіліп, келушілерге нарықтағыдан төмен бағада 3 тонна көкөніс, 850 килограмнан астам ет, 300 литр сүт пен сүт өнімдері және басқа да азық-түліктер саудаланды