Спорт комитеті заң бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылғы желтоқсанда Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті Токиодағы 2020 жылғы Олимпиада ойындарына дайындыққа бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланылуына мемлекеттік аудит жүргізді.
Бұл туралы Есеп комитеті хабарлады.
Мемлекеттік аудит барысында бірқатар бұзушылықтар анықталды. Осыған байланысты, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне республикалық бюджет кірісіне 1 329,9 мың теңге сомасындағы қаражатты өтеу және қаржылық тәртіпті нығайту бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.
Оның ішінде ведомстволық бағынысты ұйымдармен жасалған шарттардың мазмұнын қайта қарау және олардың сандық және сапалық сипаттамаларын көрсете отырып, сатып алынатын көрсетілетін қызметтер тізбесін нақтылау арқылы жүзеге асырылады.
Бүгінгі күні республикалық бюджетке 1 329,9 мың теңге сомасындағы қаражат өтелді, сондай-ақ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті 2022 жылға арналған шарттарды жасасу кезінде техникалық өзіндік ерекшеліктерді сәйкестікке келтірді.