Спорт біздің өміріміз – каратэші Софья Берульцева

Ташкентте каратэден өткен Азия чемпионатында Софья Берульцева жеңімпаз атанған еді. Сол жарыста қарсыласына жасаған шабуылы "темір соққы" атауымен әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Спортшымен сұхбаттасып, алдағы жоспарларын білдік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Софья, Азия чемпионы болдыңыз. Құтты болсын! Жарыс туралы айта кетсеңіз?

- Рахмет! Азия чемпионаты өте жоғары деңгейде өтті. Жарыс үш күнге созылды. Бірінші күні жекелей сайыстар ұйымдастырылып, әр спортшы өз салмақ дәрежесінде бақтарын сынады. Екінші күні командалық жарыстар өтті, онда әр команда өзара мықтылығын көрсетті. Үшінші күні финалдық бәсекелер болды. Жалпы 400-ге жуық спортшы қатысты. Мұндай ауқымды жарыстар үлкен жауапкершілік және тәжірибе алу үшін тамаша мүмкіндік.

- Жарыс алдында қалай дайындаласыз? Дайындық барысында қандай әдістер мен жаттығуларға басымдық бересіз?

- Дайындық біз үшін өте маңызды. Түрлі оқу-жаттығу жиындары болады. Жаттығулар кезінде техникалық және тактикалық дағдыларымды жетілдіруге, физикалық төзімділігімді арттыруға ерекше назар аударамын. Сондай-ақ, жарыс алдында әр қарсыласымды зерттеп, олардың күшті және әлсіз тұстарын анықтауға тырысамын. Бұл маған жарыс кезінде дұрыс стратегия құруға көмектеседі. Сонымен қатар, психологиялық дайындыққа да көп көңіл бөлемін. Себебі жарыс кезінде ол да маңызды.

- Спорттағы сәтсіздіктерге қалай қарайсыз? Қиын сәттерден кейін қалай қайта тұрып, алға ұмтыласыз?

- Спортта жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Бұл - өмірдің заңдылығы. Бір ғана жеңіліспен өмір бітпейді. Керісінше, сәтсіздіктер бізді шыңдайды, тәжірибе жинауға үйретеді. Әр жеңіліс  — болашақ жеңістердің бастауы деп білемін. Маңыздысы осы сәттерден сабақ алып, әрі қарай қайта талпыну. Меніңше, нағыз спортшының мінезі осындай қиындықтарға төтеп беруінде көрінеді. Бұл біздің өміріміз. Осымен өмір сүреміз. Бір ғана жеңіліспен өмір бітпейді. Шыңдаламыз. Соған қарай жұмыс істейміз.

- Қазақстандағы каратэ спортының дамуын қалай бағалайсыз? Елдегі деңгей туралы не айтасыз?

- Қазақстандағы каратэ спорты соңғы жылдары үлкен қарқынмен дамып жатыр. Халықаралық жарыстарда біздің спортшыларымыздың кәсіби деңгейі жоғары екенін байқауға болады. Басқа елдердегі жарыстарда біздің каратэшілерді танып, олардың дайындығын, техникасын жоғары бағалайды. Бұл - біз үшін үлкен мақтаныш әрі мотивация.

- Спорттан тыс бос уақытыңызда немен айналысасыз? Қандай хоббиіңіз бар?

- Спорттан тыс уақытта табиғатқа шығып, демалуды жақсы көремін. Қыста шаңғы тебу сүйікті ісім, ол маған күш жинауға және денемді шынықтыруға көмектеседі. Ал жылы жазда тауға барып, атқа мініп серуендегенді ұнатамын. Табиғат аясында демалу рухани тынығуға септігін тигізеді және келесі жаттығуларға шабыт береді.

- Алдағы уақытта қандай мақсаттар мен жоспарларыңыз бар?

- Алдағы уақытта халықаралық деңгейде жақсы нәтижелерге жеткім келеді. Өзімнің техникалық шеберлігімді одан әрі жетілдіріп, Қазақстанның атын әлемдік ареналарда танытуға тырысамын.

- Сұхбат бергеніңізге рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы