Испания билігі әлеуметтік желілердегі өшпенділік пен араздықты өлшейтін құрал енгізеді
Соңғы 10 жылда елде өшпенділікке байланысты қылмыстар саны 41%-ға артқан.
Испанияның премьер-министрі Pedro Sánchez әлеуметтік желілердегі агрессияны талдайтын жаңа құрал енгізілетінін мәлімдедіғ дкп хабарлайды BAQ.KZ. Бұл туралы El País басылымы жазды.
HODIO деп аталатын механизм (испан тілінен аударғанда "Өшпенділік пен поляризацияның ізі") Испанияда қолданылатын цифрлық платформалардағы өшпенділікке итермелейтін пікірлердің таралуын, өзгеруін және ауқымын өлшеуге мүмкіндік береді.
Бұл құрал Instagram, TikTok, X, YouTube және Facebook платформаларына қолданылады. Нәтижесінде ашық әрі жария рейтинг жасалып, қай платформада өшпенділікке толы пікірлер көбірек таралатынын пайдаланушылар көре алады.
Біз енді бұл платформаларға тәуелді болмаймыз, енді олар қоғам алдында жауап беруге тиіс. Біз өшпенділікті тоқтатамыз. Біздің миссиямыз – махаббат туралы көбірек айтып, өшпенділік туралы аз айту, – деді Испания премьер-министрі Педро Санчес Мадридте өткен интернеттегі өшпенділік пен қудалауға қарсы алғашқы халықаралық саммитте.
Жаңа құрал танылған академиялық критерийлерге негізделіп, нақты әрі объективті нәтиже шығару үшін сандық талдау мен сарапшылар бағасын қатар қолданады.
Испаниядағы нәсілшілдік пен ксенофобияны зерттейтін Oberaxe обсерваториясы күн сайын өшпенділікке толы шамамен 1300 хабарламаны анықтайды. Соңғы 10 жылда мұндай қылмыстар саны 41%-ға өскен.
Обсерватория агрессивті хабарламалардың қайдан шыққанын және қалай таралатынын, сондай-ақ оларды тоқтатуға ықпал ететін немесе керісінше коммерциялық мақсатта пайдаланатын тұлғаларды анықтап, деректерді жариялап отырады.
Платформалар жауапкершілікке тартылуы тиіс. Сонымен қатар өшпенділікті күшейтетін алгоритмдер үшін де жаза енгіземіз. Мұндай алгоритмдерді әзірлейтіндер жауапқа тартылады, – деді Испания премьер-министрі.
Айта кетейік, Испания үкіметі әлеуметтік желілердегі өшпенділік пен жалған ақпаратқа қарсы шараларды күшейтіп жатыр. Қазір парламентте бұл мәселеге қатысты заң жобасы қаралуда. Оның ішінде Австралия тәжірибесіне сүйене отырып, 16 жасқа дейінгі жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге қолжетімділігін шектеу ұсынысы да бар.