SpaceX ЖИ деректер орталықтары үшін 1 млн спутник ұшырмақ
АҚШ-тың SpaceX компаниясы Жер орбитасына жасанды интеллектке арналған деректер орталықтарының желісін орналастыру үшін шамамен 1 миллион спутник ұшыруға рұқсат сұрады. Бұл туралы Bloomberg агенттігі жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Илон Маск басқаратын компанияның мәліметінше, спутниктер орбиталық деректер орталығы ретінде жұмыс істеп, күн энергиясымен қуатталады. SpaceX бұл жоба жасанды интеллектке негізделген деректерге деген сұраныстың қарқынды өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп есептейді.
Компания өкілдері аталған бастаманы Кардашев шкаласы бойынша II типті өркениетке өту жолындағы алғашқы қадам деп атады. Бұл деңгейдегі өркениет өз жұлдызының барлық энергиясын толық пайдалануға қабілетті.
Кардашев шкаласын 1964 жылы кеңестік астрофизик Николай Кардашев ұсынған. Ғалым өркениеттерді тұтынатын энергия көлеміне қарай үш деңгейге бөлді. Оның айтуынша, адамзат әзірге I типті өркениетке де толық жеткен жоқ, себебі Жердегі энергияның тек бір бөлігін ғана пайдаланып отыр.