SpaceX алғаш рет алып Starship зымыранын орбитаға шығарды
Алайда миссия жоспарланған мерзімнен ерте аяқталды.
SpaceX компаниясы алып Starship зымыран-тасығышын алғаш рет орбитаға шығарды. Ұшыру 28 қыркүйекте Техас штатының оңтүстігіндегі ғарыш айлағынан жүзеге асқан, деп хабарлайды DW.
Компанияның мәліметінше, зымыран ұшырылғаннан кейін шамамен 25 минуттан соң орбитаға жетіп, бортындағы 26 жаңа буын Starlink (v3) спутнигін орналастырған.
Алайда миссия жоспарланған мерзімнен ерте аяқталды. Ұшу кезінде зымыранның 33 қозғалтқышының бірі істен шыққан. Кейін аппарат Тынық мұхитының солтүстік бөлігінде құлаған.
Бұл Starship жүйесінің 14-ші сынақ рейсі болды. Starship екі бөліктен тұрады: шамамен 70 метрлік Super Heavy үдеткіші және ұзындығы шамамен 50 метр болатын жоғарғы саты. Екі бөлік те қайта пайдалануға арналған.
Starship алғаш рет 2023 жылдың сәуірінде сынақтан өткізілді. Ол кезде зымыран ұшырылғаннан бірнеше минут өткен соң жойылған еді.
SpaceX әзірлеген Starship жобасына NASA да үлкен үміт артып отыр. АҚШ ғарыш агенттігі бұл аппаратты 2028 жылға қарай астронавттарды Айға жеткізу бағдарламасында пайдалануды жоспарлап отыр. Ал SpaceX компаниясы Starship арқылы болашақта Марсқа ұшу мақсатын көздейді.