S&P Қазақстанның банк секторына берген бағасын жақсартты
Шешім 2026 жылғы 4 қыркүйекте қабылданып, Қазақстанның қаржы ұйымдарының рейтингтеріне де әсер етті.
S&P Global Ratings агенттігі Қазақстан Республикасының банк секторындағы елдік тәуекелдерді бағалау көрсеткішін (BICRA) жақсартты. «Салалық тәуекел» компонентінің бағасы «7»-ден «6»-ға көтерілді. Сонымен қатар «экономикалық тәуекел» компонентінің болжамы «тұрақты» деңгейден «оң» көрсеткішке өзгертілді. Бұл туралы Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады.
Шешім 2026 жылғы 4 қыркүйекте қабылданып, Қазақстанның қаржы ұйымдарының рейтингтеріне де әсер етті.
Атап айтқанда, S&P Банк ЦентрКредиттің ұзақ мерзімді рейтингін «BB+» деңгейіне дейін көтерді. Сондай-ақ Freedom тобының еншілес құрылымдарының ұлттық шкаладағы рейтингтері «kzA» деңгейіне дейін жоғарылады.
Ал Halyk Bank («BBB-»), Нурбанк («B») және Freedom холдингінің халықаралық рейтингтері бойынша болжам «оң» деңгейге қайта қаралды.
S&P сарапшыларының пікірінше, Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан шаралар банк секторын қадағалау жүйесін тұрақты түрде нығайтып, экономикалық құлдырау кезеңдерінде қаржылық тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді.
Рейтинг агенттігінің бағалауынша, қабылданған шаралардың нәтижесінде Қазақстандағы банк секторын реттеу мен қадағалау жүйесі Өзбекстан, Қырғызстан, Армения және Әзербайжан секілді өңір елдеріне қарағанда тиімдірек деңгейге жеткен.
S&P рейтингтің жақсаруына әсер еткен бірнеше негізгі факторды атап өтті. Олардың қатарында қаржы нарығын қадағалау сапасы, банктердің қызметін тұрақты бақылау, капитал мен өтімділікке қойылатын талаптардың күшеюін мұқият мониторингтеу, есептіліктің ашықтығын арттыру және стресс-тестілеу бар.
Сонымен қатар қаржы ұйымдарын қадағалау барысында банктердің корпоративтік басқаруына және жаңа тәуекел түрлеріне, оның ішінде киберқауіпсіздік пен климаттық тәуекелдерге де назар аударылуда.
Экономикалық тәуекел бойынша болжамның «оң» деңгейге өзгеруі халықаралық сарапшылардың Қазақстанның қаржы жүйесіне түсетін тәуекелдер алдағы уақытта одан әрі төмендеуі мүмкін деген болжамын көрсетеді. Бұған макроэкономикалық көрсеткіштердің тұрақтануы, инфляцияның баяулауы және банктер активтерінің сапасы бойынша көрсеткіштердің жақсаруы әсер етуде.
Осылайша, S&P Global Ratings бағалауында Қазақстанның банк секторындағы салалық тәуекел деңгейі төмендеп, экономикалық тәуекел бойынша болжам оң бағытқа өзгерді. Бұл елдің қаржы жүйесінің тұрақтылығы мен банк секторын реттеу сапасына берілген халықаралық оң бағаның бірі болып отыр.