Созақтан шыққан өнертапқыш Бағдат
Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Түркістан облысы, Созақ ауданы Жуантөбе елді мекенінің тұрғыны Бағдат Лақбаев бұған дейін «Электронды бесік» пен «Жылжымалы киіз үй» ойлап тауып, жұртшылықтың назарына іліккен болатын.
Жалпы, тарихта өнертапқыштың еңбектері не үшін жоғары бағаланады? Себебі олар адамдардың күнделікті тұрмыс-тіршілігін жеңілдететін қажетті дүниелер ойлап табады. Бүгінде Бағдат Ибаділдәұлы Созақ ауданындағы «Жуантөбе» мұнай айдау станциясында электр газбен дәнекерлеуші болып жұмыс істейді.
Бағдат ойлап тапқан ерекше туындыларда қазақ халқының болмысы мен дүниетанымының элементтері сақталған. Мұнайды құбыр арқылы тасымалдау саласында еңбек етумен қатар бос уақытында тың дүниелер ойлап тауып, ізденуін тоқтатпай келеді.
Электронды бесік туралы қысқаша айта кетсек, баланың жылаған даусы 75 децибелге жеткен кезде автоматты түрде жарық қосылып, бесік жыры қосылып, өздігінен тербеле бастайды. Тіпті флешкаға баланың анасы өз дауысын жазып қойса да болады дейді созақтық өнертапқыш. Айтуынша, бала өз анасының дауысын тез таниды әрі жұбанады. Сондай-ақ, егер бөлме суық немесе ыстық болса сәбиді қалыпты температурада ұстап тұратын арнайы тетігі бар. Лақбаев бұл өнертабысын үй шаруасынан қолы тимей жатқан аналарға арнап жасағанын айтып өтті.
Өнертапқыш бастапқыда мұндай дүниелерді басқалар да ойлап тауып, жасай алады деген ойда болыпты. Алайда тың дүние жасар кезде ізденістің күрделене беретіндігіне көзі жеткен. Сондай тың да күрделі дүниелерінің бірі – «Жылжымалы киіз үй», оны көктемде наурыз мерекесінде, далада өтетін ойын-сауық кештері мен ауыл тойларында және сахна ретінде де пайдалануға болады. Автор бабалардан мұра болып қалған киіз үйді заманауи үлгіге көшіріп, қолданысқа ыңғайлы еткен. Айталық, екі қабатты, түгелдей жарықтандырылған, жылдың барлық мезгіліне жарай береді. Қыста суықтан, жазда ыстықтан қорғайды, көлікпен кез келген жерге жеткізіп, орналастыруға да қолайлы. Екіншіден киіз үй тез жиналып, жылдам құрастырылады. Электр энергиясын қажет етпейді әрі жарықты күннен алатындықтан арнайы электргенераторлар орнатылады.
Нәрестені жылағанда жұбататын бесіктен бөлек, Бағдат басқа да тың жобаларды жасап шығарған. Соның тағы бір дәлелі, гараждарға арналған электронды қақпа (есік). Аталған қақпаны өнертапқыш бүгінде өз үйіндегі гаражында пайдалануда. Автоматтандырылған қақпа арнайы пультпен басқарылады. Көлік гаражға кіргеннен кейін белгіленген сызыққа дейін жүреді, сосын арнайы шам жағылып, қақпа өздігінен жабылады. Егер ол сызыққа дейін жетпесе немесе көлік теріс қойылса қақпа жабылмайды. Қатаң тәртіп міндетті түрде сақталуы шарт. Ал төтенше жағдай болып өрт шықса, қақпа өздігінен ашылады. Сондай-ақ бөгде біреу ашпақ болса дереу дабыл белгі береді.
Бағдаттың тағы бір жобасы үш тілде тыңдауға болатын дыбыстық ескерту қондырғысы. Ол өзі еңбек ететін «ҚазТрансОйл» компаниясының «16 алтын қағидасын» басшылыққа ала отырып жасап шыққан. Бір артықшылығы, мұндай ескерту өзге де өндіріс саласында жұмыс істейтіндер үшін таптырмас құрал. Мұнда флешкаға қазақ, орыс және ағылшын тілінде жазылған қауіпсіздік шараларын, қолданушы қалаған тілде батырманы басып тыңдай алады. Сондай-ақ оны көліктерге, автобустарға да орнатып қойса болады.
Тағы бір жобасына ол дыбыстық ескертулер ережесін орнатқан. Мәселен, өндіріс орнындағы кез келген автоматты шарықты іске қосса да бірден қосылмайтын, алдымен қолданушыға көзілдірігін тағып, қауіпсіздік ережесін сақтауы тиістігін айтып ескерту жасайды. Шарық сосын барып қана іске қосылады. Бұл да өндіріс барысында ұмытшақ адамдардың абайсызда жарақат алуын азайтуға үлес қосатын инновациялық идея.
Жақында ол өзі еңбек ететін мұнай тасымалын қамтамасыз ететін станция үшін өртке қарсы құдықтарды жылы ұстайтын қондырғы ойлап тапты. Осы қондырғысы үшін жыл соңында «ҚазТрансОйл» АҚ компаниясы оған сертификат пен қомақты сыйақы тағайындады.
Мен ойлап тапқан құрылғының ерекшелігі, оны пайдалану өте ыңғайлы. 30 мм пеноплекстен жасалған және жылуды жақсы сақтайды. Әдетте қыста жылы ауаның әсерінен қақпақтың төменгі бөлігі терлеп, қатып қалады. Кейбіреулер оны матамен орайды. Менің құрылғым жылуды жақсы сақтайды және құдықтың аузын жақсы тығыздауға арналған. Аспапты орнату кезінде оны ұстап тұру да ыңғайлы болуын ескердім, - дейді Б.Лақбаев.
Төтенше жағдайда немесе арнайы оқу-жаттығулар кезінде өрт гидранттарының қақпағын ашуға көп уақыт кетеді, ал бұл люк жеңіл, тез ашылады. Өйткені қондырғы құдықтың ішкі жағынан сәл төмен орналасқан, яғни құрылғы қақпаққа тиіп кетпейді. Себебі кейбір құдықтың қақпағы ішке қарай ашылады. Жалпы, қондырғыны кез келген құдыққа орнатуға болады, материалына көп те қаражат кетпейді. Өнертапқыш қондырғыны дайындауға шамамен 3000 теңге жұмсалғанын атап өтті. Өнертапқыштың айтуынша, мұндай люк еш жерде жоқ, сондықтан ол өз өнертабысын патенттегісі келеді. Әзірге бұл қондырғы тек «Жуантөбе» мұнай айдау станциясында ғана орнатылған.
Бағдат Лақбаев күнделікті өмірге қажетті нәрсені ойлап табу үшін ең алдымен бір айдай интернеттен және басқа да дерек көздерінен осыған ұқсас аналогтар іздейді. Жасағалы жатқан дүниесі еш жерде жоқтығына көзі жеткенде ғана жасауға кірісетінін айтты.
Негізгі мақсат – Қазақстанда өнертапқыштықты насихаттау, содан кейін оларды ТМД елдеріне экспорттау. Мен алдымен өнертабысымның баламасы жоқ екенін интернеттен қарап, әбден тексеріп аламын. Құдықтарға арналған қақпақты жасау туралы көптен ойланып жүргенмін. Соңында осы нұсқа ең тиімді болып шықты. Өнертапқыштық – бұл тұнып тұрған шығармашылық азарт, арманыңды жүзеге асыру үшін шабытың «қызып» тұрған кезде жасауың керек, – дейді өнертапқыш.
Бүгінде Бағдат өзінің өнертапқыштық жұмыстарының біразына Астанадағы зияткерлік орталығынан патент алып та үлгерген. Электронды бесік пен киіз үйді жасауға көптеген адамдар қызығушылық білдіріп, тапсырыс та берген. Алайда өнертапқыш жобаға қажетті кейбір электронды басқарылатын бөлшектердің Қазақстанда жоқтығына байланысты жасамағандығын айтты. Себебі қажетті бөлшектерін арнайы шетелге барып, өзі әкелуі керек екен. Созақтық өнертапқыштың қоржынында онға жуық жобасы жатыр. Жұртшылық алдағы уақытта ол туралы да біле жатар.