Созақ ауданында 10 күн ішінде 9 той-жиын анықталып, тоқтатылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Індеттің күшеюіне байланысты, облыс тұрғындарының арасында коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында, Созақ ауданы көлемінде мобильдік топтар құрылып, іс-шаралар жүргізілуде.
Карантин кезінде Созақ АПБ-ның қызметкерлері мобильдік топпен бірлесіп, рейдтік іс-шара жүргізу барысында, той жасаған жергілікті тұрғын анықталды. Ол 50-ден астам адамды жинап, Шолаққорған ауылында өзінің үйінде ұлын үйлендіріп, «Беташар» тойын ұйымдастырған.
Аталған жайтқа байланысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу» бойынша іс-құжаттар жинақталып, заңды шешім қабылдау үшін Созақ аудандық СЭББ-ға жолданды.
Мәселен Созақ ауданы көлемінде 10 күн ішінде бірнеше рет қайталанып, өз өмірлерімен қоса басқа да тұрғындардың өмірлеріне қауіп төндірген той иелері анықталды.
Яғни 10 күнде 6 беташар, 1 қыз ұзату, 1 құдалық, 1 ұжымдық демалыс өткізілген.
Полиция қызметкерлері аталған жайттарды дер кезінде тоқтатып, тұрғындарды тарқатқан. Оқиғаларға қатысты құжаттар тиісті орынға жіберілді.