СOVID-19. Астанада 55 жүкті әйел індет жұқтырғаны белгілі болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов хабарлады. Оның айтуынша, бүгінде бас қалада коронавирус инфекциясын емдеу үшін 9 стационар жұмылдырылған.
Стационарға 1 734 төсек-орын, оның ішінде, 149 реанимациялық төсек тартылған. Қуанышқа орай, қазір індетпен сырқаттану жүкті әйелдер мен балалар арасында аз кездесіп отыр. Бүгінгі таңда 55 жүкті әйел КВИ-ге қарсы ем алуда. Оның ішінде 23 әйел стационарда жатыр. Вирусқа шалдыққан 40 бала стационарлық жағдайда емделуде, - деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар ол көрсеткіштердің жақсарғанын алға тартып, босаңсып кетуге болмайтынын ескертті. Вирус толығымен жойылмағанын және пандемияның барын есте сақтаған жөн.
Жағдайдың біршама тұрақтануына байланысты біз мобильді бригадалардың жұмысын қайта қарастырдық. Қаңтар айының ортасынан бастап бұл бригадалар амбулаториялық пациенттерді тәулік бойы бақылап отырды. Қазір олар бұрынғы жұмыс кестесіне - таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін қайта көшті. Бүгін амбулаториялық емдеуде бізде 4 200-ден астам адам бар. Жедел жәрдем станциясына жүктеме де аздап төмендеді. Егер қаңтардың басында қоңыраулар саны тәулігіне 4 мыңға жетсе, қазір бұл көрсеткіш күніне 2 200-ге дейін азайды. КВИ мәселелері бойынша және орта есеппен 80-100 адам қоңырау шалады, - деп атап өтті Тимур Мұратов.