Соттан тыс банкроттық рәсімі тегін жүргізіледі
3 наурызда азаматтардан банкроттық туралы өтініштерді қабылдау басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді.
2023 жылдың 9 наурызында сағат 9:00-дегі жағдай бойынша соттан тыс банкроттыққа 11 177 өтініш түскен (eGov арқылы 10 462, e-Salyq Azamat арқылы 715).
Заң борышкердің төлем қабілеттілігін әртүрлі құралдар арқылы қалпына келтіруге мүмкіндігін қарастырады: соттан тыс банкроттық, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот банкроттығы.
Азаматтар Халыққа қызмет көрсету орталықтарына (ХҚКО) келмей-ақ, электронды үкімет порталы (eGov.kz.), сондай-ақ «e-Salyq Azamat» немесе «eGov Mobile» мобильді қосымшасы арқылы өтініш бере алады.
Алайда, кейбір ХҚКО-ның маңында банкроттыққа құжаттарды рәсімдеу үшін ақылы, делдалдық қызмет көрсетуді ұсынатындар жиілеп кетті.
Мемлекеттік кірістер комитеті соттан тыс банкроттық рәсімі (қарызы 5,5 млн теңгеден аспайтын) тегін жүргізілетінін хабарлайды.
Банкроттық рәсімін қолдану тәртібі туралы ақысыз толық ақпарат алу үшін ХҚКО-ның операторларына немесе мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлеріне бару қажет.
Сонымен қатар, 1414 нөміріне телефон шалып, немесе https://t.me/SalyqBot Telegram чат-ботына жазу арқылы сұрақтарыңызды қоюға болады.
Банкроттық рәсімінен өту тәртібі туралы ақпарат ҚР Қаржы министрлігінің және Мемлекеттік кірістер комитетінің сайттарында жарияланған.
Бейненұсқаулық мына сілтеме бойынша қолжетімді.