Сотталушы соңғы сөз айту құқығынан айырылған: Бас прокуратура үкімнің күшін жойдырды
Алматы облысында есірткі ісі бойынша 7 жылға сотталған ер адамның қорғану құқығы бұзылғаны анықталды. Соның салдарынан іс қайта қаралатын болды.
Алматы облысында есірткі құралдарының заңсыз айналымы үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылған азаматқа қатысты сот үкімі күшін жойды. Бұған оның қорғану құқығының елеулі түрде бұзылғаны себеп болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бас прокуратураның мәліметінше, аталған азамат бірінші сатыдағы соттың үкімімен 7 жылға бас бостандығынан айырылған. Кейін апелляциялық сот бұл үкімді өзгеріссіз қалдырған.
Алайда істі зерделеу барысында Бас прокуратура сотталушының қорғану құқығы сақталмағанын анықтады.
Ведомствоның мәліметінше, денсаулық жағдайының нашарлауына байланысты сотталушы сот жарыссөзіне қатыса алмаған және өзіне заңмен кепілдік берілген соңғы сөз айту құқығын пайдалана алмаған.
Осыған байланысты Бас прокуратура кассациялық сатыдағы сотқа тиісті қорытынды енгізді.
Нәтижесінде кассациялық сот прокурордың қорытындысын негізді деп танып, бірінші және апелляциялық сатыдағы сот актілерінің күшін жойды. Қылмыстық іс жаңадан сот қарауына жіберілді.
Бас прокуратура сотталушының сот жарыссөзіне қатысуы және соңғы сөз айтуы әділ сот талқылауының ажырамас әрі міндетті кепілдіктерінің бірі екенін атап өтті. Бұл құқықтардың сақталмауы сот шешімінің күшін жоюға негіз болатын елеулі процестік бұзушылық болып саналады.