Сотталушы ауыр сырқатқа шалдықса, жазасын өтеу кейінге қалдырылуы мүмкін
Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ведомство басшысы Сенатта «Қылмыстық сот ісін жүргізу, жаза атқару саласындағы адам құқықтары, сондай-ақ азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттердің алдын алу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды.
Назарларыңызға қылмыстық сот ісін жүргізу саласындағы адам құқықтары, жазаны орындау, азаптаудың және ар-намысты қорлайтын басқа да қатыгез әрекеттердің алдын алу мәселелері бойынша заң жобасы ұсынылады.
Заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасын, сондай-ақ Адам құқықтары саласындағы бірінші кезектегі шаралар жоспарын іске асыру үшін әзірленді. Ол Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару кодекстеріне, «Ұлттық ұлан туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді, - деп атап өтті министр.
Сонымен қатар ол заңның негізгі нормаларын атады.
Негізгі нормалар: сотталғандардың құқықтарын кеңейтуге; заңнаманы БҰҰ-ның Азаптауға қарсы конвенциясына сәйкес келтіруге; сондай-ақ: тұрмыс саласындағы қылмыстар, жаппай тәртіпсіздікке шақыру, ерекше цинизммен жасалған кісі өлтіру және бандитизм үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған. Бірінші. Қылмыстық кодекске (75-бап) сот бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындау кезінде – сотталған адамда ауыр сырқат болған жағдайда жазаны өтеуді кейінге қалдыруды қолдану мүмкіндігін беретін норма енгізіледі. Осылайша, ол азаматтық медициналық мекемелерде жедел ем алуға мүмкіндік алады, - деді Марат Ахметжанов.
Айта кетерлігі, қазір бас бостандығынан айыру орындарындағы сотталғандарды осы негіздер бойынша босату туралы норма қолданылады.