Сотталғандарға медициналық қызмет көрсету ДСМ-ға қашан берілетіні белгілі болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев «Жаңа заманға сай пенитенциарлық жүйе» халықаралық форумында айтты.
Коронавирус індетін жұқтырудың алдын алатын шаралар қабылданды. Дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдарының қажетті қоры бар. Қазіргі таңда сотталғандар мен қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерін вакцинациялау жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша пенитенциарлық мекемелерді толық бейнебақылаумен қамтамасыз ету қарастырылып жатыр. Бұл шынайы уақытта үнемі бақылау жасауды қамтамасыз етіп, құқықбұзушылықтың алдын алуға жәрдемдеседі, - деді ол.
Тұрғымбаев атағандай, министрлік бастамасы бойынша медициналық қамтамасыз ету қызметін Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына беру мәселесі түпкілікті шешілді.
Бұл ұсынысты Президент жанындағы Құқық қорғау және сот жүйелерін реформалау жөніндегі комиссия және барлық мемлекеттік орган қолдады. Мемлекет басшысы Жарлығының тиісті жобасы әзірленді. 2022 жылғы 1 шілдеден бастап – тергеу изоляторларының медициналық қызметтері, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – барлық мекеме беріледі. Бұл сотталғандарға тексерудің, диагностиканың және емдеудің қазіргі заманғы әдістеріне неғұрлым кең қол жеткізуге мүмкіндік береді, сондай-ақ заңсыз іс-әрекеттердің ықтимал фактілерін жасыруды жояды, - деді Ерлан Тұрғымбаев.
Айта кетейік, форумға мемлекеттік органдардың өкілдері, Адам құқықтары саласындағы ұлттық сарапшылар, сондай-ақ Канада, АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Үндістан, Өзбекстан, Нидерланды және Беларусьтің дипломатиялық миссиялары мен халықаралық ұйымдарының басшылары қатысты.