Сотталғандар бизнес ашуға арналған грант ұтып алды
Қызылордада пробация есебіндегі азаматтар мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қызылорда қалалық пробация есебіндегі тағы 4 азамат мемлекеттен қайтарымсыз грантқа қол жеткізді.
Олар "Бастау Бизнес" жобасы аясында "Атамекен" кәсіпкерлік палатасында кәсіпкерлік негіздерін оқып, мал шаруашылығы, шаштараз және клининг орталығын ашу бойынша бизнес-жобаларын дайындап, мемлекет тарапынан 1 млн 582 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алды.
Қызылорда қалалық пробация қызметінің бастығы, әділет майоры Фариза Сембаеваның айтуынша, пробация есебінде тұрған сотталғандар әлеуметтік-құқықтық көмекпен қамтылып, жеке кәсіп ашуға мүмкіндік алып отыр.
Жыл басынан бері 5 сотталған мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алды. Міне, тағы 4 азамат бизнес-жоспарларын сәтті қорғап, грантқа қол жеткізді. Бүгін барлығы 9 азаматқа сертификат табыс етілді. Пробация есебіндегі сотталғандардың жеке кәсіппен айналысуы олардың өмірге деген көзқарасын өзгертіп, қоғамға тез бейімделуіне үлкен септігін тигізеді, – деді әділет майоры Фариза Сембаева.
Қайтарымсыз грант ұтып алған азаматтардың бірі өз қуанышымен бөлісті:
Бизнес-жобам мақұлданып, мемлекеттен қайтарымсыз қаражат алғаныма қуаныштымын. Клининг орталығын ашуды жоспарлап отырмын. Қазір бұл салаға сұраныс жоғары. Жеке кәсіп ашуға деген өтінішіме құлақ асып, қолдау көрсеткен жергілікті атқарушы органдар мен Қызылорда қалалық пробация қызметіне алғысымды білдіремін, – деді есептегі азаматша.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында пробация есебіндегі азаматтардың кәсібін дөңгелетуі олардың жаңа өмір бастауына және қоғамға бейімделуіне зор мүмкіндік беріп отыр.