Сотталған балалар Абай күнін атап өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылы ҚР Үкіметінің Қаулысымен 10 тамыз Абай күні болып белгіленіп, еліміз бойынша қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының мұрасы кеңінен насихатталған болатын.
Биыл қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаған Абай Құнанбайұлының туғанына 176 жыл толды. Еліміз бойынша екінші жыл қатарынан атап өтілген мереке күні Алматы қаласы бойынша ҚАЖД ЛА-155/6 түзеу мекемесінде де ақын Абайға арналған онлайн іс-шара өткізілді.
Алматы қалалық Жас Отан жастар қанатының үйлестірушілері жазаға тартылған балалар арасында ZOOM жүйесі арқылы «Бес нәрсеге асық бол» атты конференция ұйымдастырды.
Онлайн басқосу кезінде үйлестіруші Бейбарыс Зарипов балалар колониясындағы жасөспірімдерді Абайдың өмірбаянымен таныстырып, оның ғибратты сөздерінің мән-мағынасын ашатын әңгіме өткізді. Сондай-ақ ол жазаға тартылған балаларды Абай өмірінен түрлі деректерге қанықтырып, сұрақ-жауап тәсілімен балалардың Абай туралы дүниетанымдарын арттырды.
Өз кезегінде ЛА-155/6 түзеу мекемесінде жазаларын өтеп жүрген жасөспірімдер Абайдың өлеңдерін жатқа оқып, өз өнерлерін ортаға салды. Абай күні атты мерекеде жас әнші Тұрар Дүйсекеш Абай Құнанбаевтың сөзіне жазылған әндер орындап, кешке қатысушылардың көңілінен шықты, - деп хабарлайды Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі.
Абай күнін атап өту колониядағы сотталған балалардың өмірге деген құштарлығы мен жарқын болашаққа деген сенімдерін арттыратыны даусыз.