Сотталған азамат 400 АЕК грант ұтып алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Таразда сотталған азамат 400 АЕК грант ұтып алды деп хабарлайды Polisia.kz. 

Тараз қалалық №3 пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған азамат өз кәсібін ашуға мүмкіндік беретін мемлекеттік грант ұтып алды. Ол қайтарымсыз грантқа қол жеткізу үшін "Бизнестің жол картасы – 2025” жобасы арқылы 3 айлық курсты тәмамдап, нәтижесінде 400 АЕК мөлшеріндегі грантқа қол жеткізді. 

Пробация қызметкерлерінің көмегімен аталған жоба бойынша 3 ай оқып, қолыма сертификатымды алдым. Білікті мамандардан тәлім алып, қайтарымсыз грантқа қол жеткіздім. Алдыма қойған арманым, жоспарым бар. Енді, міне, мемлекеттен берілген көмектің арқасында мал шаруашылығын ашып, кәсібімді дөңгелетсем деген ойдамын, – дейді есептегі азамат. 

Жалпы, қазіргі таңда дәл осы пробация бөлімінде мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грант алуға тағы 15 сотталған азамат ниет білдірді. Олардың бірі – шағын ағаш өңдеу цехын ашуды көздесе, екіншісі – құрылыс саласында сметалық жоба әзірлеуді қолға алмақ. Тағы бірі – шаштараз сынды жеке кәсіптерін ашып, ел игілігіне жұмыс жасауды жоспарлап отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы