Сотталғандар арасында қайта қылмыс жасайтындар көбейген
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысында пробациямен есепке алынғандардың саны үш мыңнан асып кеткен,-деп хабарлайды Aktobenews.kz.
Облыс прокурорлары өкілетті органдардың жұмысына көңілі толмай отыр. Пробациямен есепке алынғандардың арасында жұмыссыз жүргендер көп. Нәтижесінде қайтара қылмыс жасайтындардың саны өскен.
«Өкілетті органдар сапасыз жұмыс жасап жатыр. Берілген квоталар тиісті деңгейде орындалмаған. Сотталғандардың арасында ұсынылған жұмыстан бас тартатындар да бар. Олар көбіне кезеңдік жұмыстарға шақырылады. Жалақы мөлшері аз жұмыстан бас тартады. Сол себепті ұсынылатын жұмыс түрлерін кеңейтуге тапсырмалар берілді. Осы жылға облыс бойынша пробация есебіндегілер үшін 483 жұмыс орынға белгіленген квота тиісті дәрежеде орындалмаған. Кейбір аудандарда квотамен бірде-бір сотталған жұмысқа орналастырылмаған. Ал ұсынылған жұмыс орындарынан 150-ден астам сотталған бас тартқан», - дейді облыс прокурорының аға кеңесшісі Жігер Қожықов.
Прокурорлардың мәліметінше, облыста пробация есебінде 3176 сотталған бар. Оның 66-сы қайта қылмыстар жасаған. Жартысы жұмыссыз жүр.
«Ақтөбе қаласының Астана және Алматы аудандарында пробациямен есепте тұрып жұмысқа орналасқан 247 адамның зейнетақы аударымдары жасалмаған, демек жұмыста жоқ деуге болады. Сотталғандар үшін белгіленген жұмыс орындарының квоталарын қайта қарау, жалақы мөлшері сол өңірдегі орташа айлық жалақы деңгейінен төмен емес жұмыстарды ұсыну және әлеуметтендіру жөнінен әкімдіктермен берілетін көмектің сапасын жақсартуға бағытталған нақты тапсырмалар берілді», - дейді Жігер Қожықов.