Сотта жалған ақпарат берген көкшетаулық қылмыстық іс фигурантына айналды
Ақмола облысында сотта көрінеу жалған айғақтар беру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Көкшетау қаласы прокуратурасымен сот актісін зерделеу кезінде куәнің көрінеу жалған айғақтар бергендігі анықтады. Полиция қызметкерлері көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарған «A» азаматын ұстап алған. Істі сотта қарау барысында сол түні құқық бұзушымен бірге алкогольдік ішімдіктерді ішкен «B» азамат куә ретінде тартылды. Алайда, куәбұл фактіні жоққа шығарып, сотқа көрінеу жалған айғақтар берген, бұл өз кезегінде кінәлі адамды жазадан босатуға әкеп соқты.
Бұл ретте прокуратура жоғары тұрған сотқа сол түні ойын-сауық мекемесінде куә мен құқық бұзушының алкогольдік ішімдіктерді бірге ішкендігі жазылған бейнематериалдарды ұсыну арқылы, құқық бұзушы 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі жауапкершілікке тартылды. Көрінеу жалған айғақтар бергендігі үшін прокуратура бастамасы бойынша куәға қатысты ҚК 420-бабының 1-бөлігі (сотта куәнің көрінеу жалған айғақтары) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Осылайша, азамат куәдан қылмыстық іс фигурантына айналды, - делінген хабарламада.