4 Қараша 2026, 09:19 Фото: ©BAQ.KZ архиві

«Сотта тамыр-танысым бар»: Астанада пара беремін деп алаяққа алданған азаматтың ісі қаралды

ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі: Аса ірі мөлшердегі алаяқтық және оның құқықтық салдары.

Астанада сот процесіне ықпал етемін деп миллиондаған теңге бопсалаған алаяқ сотталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін айыпталған А-ға қатысты қылмыстық істі қарады.

Не болды?

Бұған дейін алаяқтық жасағаны үшін бірнеше рет сотталған А. Д.-ға қатысты қылмыстық істің тергеліп жатқанын және оның туыстары істің оң шешілуіне мүдделі екенін білген. Осыны пайдаланып, ол жәбірленуші Г.-ның ақшасын алдау және сеніміне қиянат жасау арқылы иемденуді көздеген.

2023 жылғы қаңтарда ортақ танысы арқылы А. Г.-мен кездесіп, өзінің байланыстары бар екенін және қылмыстық істің барысына ықпал ете алатынын айтып, Д.-ны қылмыстық жауаптылықтан босатуға көмектесуге уәде берген. Өз қызметі үшін ол 27 млн теңге талап еткен.

Уәдесіне сенген Г. 2023 жылғы 20 қаңтарда делдал арқылы А.-ға аталған соманы берген.

Алайда кейіннен Д. 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Үкім шыққаннан кейін А. жәбірленушіні қайтадан алдап, апелляциялық сатыда Д.-ны ақтап алуға көмектесе алатынын айтып, ол үшін 30 000 АҚШ долларын талап еткен.

Нәтижесінде 2023 жылғы 10 қыркүйекте Г. А.-ға 20 000 АҚШ долларын, ал 24 қыркүйекте қалған 10 000 АҚШ долларын берген. Осылайша, А. жәбірленушінің 27 млн теңгесі мен 30 000 АҚШ долларын иемденіп, аса ірі мөлшерде материалдық залал келтірген.Кейіннен жәбірленушіге 39 132 900 теңге көлеміндегі ақшалай қаражат қайтарылған, - деп хабарлады Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының баспасөз қызметі. 

Сотта мәлім еткендей, ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағында 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Жеңілдететін мән-жайлар ретінде асырауында кәмелетке толмаған балаларының болуы және келтірілген залалды ішінара өтеуі танылды. Сот қылмыстың қайталануын ауырлататын мән-жай деп таныды.

Сот үкімі

Жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен ауырлық дәрежесін, ауырлататын мән-жайдың болуын, сондай-ақ жәбірленушінің пікірін ескере отырып, сот ҚК-нің 60-бабының талаптарына сәйкес А.-ға түпкілікті 6 жыл 10 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, - деді соттың баспасөз қызметі.

Жәбірленушінің азаматтық талабы қанағаттандырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада жеңілдікпен берілетін пәтер уәде етуге қатысты ірі алаяқтық әшкереленді. 

Тағы оқи отырыңыз: 

Ақмолалық әйел бір жылдан кейін атына 2 млн теңге несие рәсімделгенін білді

Арзан үй алып беремін деп 30 миллион теңге жинаған қостанайлық әйел жауапқа тартылды

Балабақшадан «кезексіз орын» уәде еткен астаналық әйел 4 жылға сотталды