Сотта Перизат Қайраттың бухгалтері жауап берді
Перизат Кайраттың ісі бойынша бүгін сотта куәгер ретінде бухгалтер Алтын Мусина жауап берді. Ол күдіктімен бірнеше жоба бойынша жұмыс істеген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мусина 2023 жылдан бастап Перизат Қайратпен таныс екенін және ол кісінің өтінішімен түрлі есептер дайындап бергенін растады. Оның айтуынша, Кайрат көбіне Rebel Flowers гүл бизнесінің есеп-қисаптары мен “Asar-Ume” қорымен байланысты құжаттар бойынша жүгінген. Сондай-ақ ол Biz Birgemiz Qazaqstan қорына арналған салық есептілігі бойынша кеңес берген.
2023 жылдың желтоқсанында Перизат Қайрат Мусинадан “Asar-Ume” қорына Палестинаға көмек ретінде жиналған қаржыға есеп жасауын сұраған. Бухгалтер алғашында Перизат Қайраттан халықаралық аударым туралы шамамен 2 мың доллар көрсетілген өтініш алады. Алайда кейін ол қолына дәл сондай құжаттың 100 мың доллар көрсетілген екінші нұсқасын алған.
Алғашында шамамен 2 мың доллар көрсетілген өтініш келген. Артынша Перизат Кайрат құжатты қағазға шығарып, басқа сомамен жіберді. Бұл жолы 100 мың доллар көрсетілген. Мен Перизатқа бұл айырмашылықты көрсетіп, сұрау салдым. Бірақ сол өтініш негізінде SWIFT-хабарлама жасалуы тиіс еді. SWIFT маған жіберілген жоқ, ол құжаттар “Asar-Ume” қорына тапсырылуы керек болатын, – деді Мусина.
Ол бұл жағдайды бірден Қайратқа ескерткенін, қор алдында есеп беру қажет екенін жеткізген.
Сонымен қатар, Мусина Rebel Flowers компаниясында Қайраттың анасымен – Гайни Алашбаевамен танысқанын айтып өтті. Алашбаева ресми түрде дүкеннің директоры болғанымен, іс жүзінде бизнестің иесі Перизат Қайрат екенін растады. Оның айтуынша, ол бухгалтер ретінде 300-350 мың теңге көлемінде жалақы алып отырған.
Банкте есепшот ашылған. Маған бастапқы қолжетімділік берілді. Бұл арқылы мен жалақы секілді төлем тапсырмаларын дайындап, растауға директорға жолдайтынмын. Барлық жұмысты Актөбеден қашықтан атқарып отырдым, – деді куәгер.
Еске салсақ, қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде екі адам, яғни Перизат Қайрат пен оның анасы танылып отыр. 2025 жылдың 4 сәуірінде Перизат Қайраттың анасы Гайни Алашбаева үй қамаққа алынған болатын.
Тергеу барысында анықталғандай, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Перизат Қайрат түрлі қайырымдылық акциялары арқылы жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жинап, оны өз пайдасына жаратқан. Мұндай қаражаттар негізінен балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестина халқына көмек көрсету үшін жиналған деп көрсетілген.
Алайда, тергеу барысында бұл қаражаттардың көп бөлігі оның жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде сәнді киімдер, әшекейлер, көліктер мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғаны анықталды.
Сонымен қатар, ол осы қаражаттарды заңдастыру үшін жалған келісімшарттар жасап, жеке кәсіпкерлермен келісімдер жасаған.
Бұған дейін қайырымдылық қорының құрылтайшысы күдікке ілінгенін, Перизат Қайрат деген кім екені туралы, оның тағы бір заңсыз әрекеті анықталғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, Перизат Қайрат "фактілермен қорғанамын" деп өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Перизат Қайрат миллиардтаған ақшаны қалай жұмсағаны да белгілі болды.
Asar-Ume Перизат Қайраттың қорына 200 млн теңге аударған, бірақ есебін алмаған.