Сот зорлық көрсетіп адам ұрлаған күдіктіге үкім шығарды
Арқалық қалалық сотында қаруды немесе қару ретінде пайдаланылатын заттарды қолдана отырып, зорлық-зомбылықпен адамды ұрлап әкеткен күдіктіге қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сотта анықталғандай 2024 жылдың тамызында К. Арқалық қаласына келіп онда бұрынғы азаматтық жұбайы мен оның кәмелетке толмаған балаларын күш көрсетіп Астанаған алып кету туралы ойы пайда болады. Сотталушы К. жәбірленуші А. тұрған пәтерге кіріп, өзінің күші басым екенін пайдаланып, жәбірленушіге дене жарақатын келтірген.
Әрі қарай, К. өзінің арам пиғылын жүзеге асыру үшін ас үй пышағын алып, оларды қорқытып, кәмелетке толмаған балаларды пәтерден күштеп шығарып, ұялы телефондарын тартып алады.
Содан кейін сотталушы К. жәбірленушіні ас үй пышағымен қорқытып, "InDriver" әлеуметтік желісі арқылы такси шақырып жәбірленуші А. мен балаларды ұрлап әкетеді.
Кейін оны Ақмола облысы Жарқайың ауданы Державинск қаласының аумағында полиция қызметкерлері Астана қаласына барар жолда ұстады.
Мемлекеттік айыптаушы оған 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сотталушының жеке басын, жасалған іс-әрекеттің сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, сот орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтей отырып К.-ға 8 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады, - деп жазды Қостанай облыстық соты.