Елімізде 1430 сот залы цифрлық форматқа көшеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз хатшысы Айдос Садуақасов ОКҚ аясында өткен баспасөз мәслихатында айтты. 

Қазіргі кезде біз тараптарды қашықтықтан қосу арқылы сот процестерін онлайн түрде жүргізіп отырмыз. Алдағы 3 жылда мұндай 1430 сот залы цифрлық форматқа көшетін болады. Соның нәтижесінде істердің басым бөлігін қағазсыз қарауға және жасанды интеллект элеметтерін тереңірек енгізуге мүмкіндік алатын боламыз. Қазір сот залына келген адам жайлылықты сезінгісі келеді. Алайда, өкінішке қарай, сот залдарының басым бөлігі кеңес заманында салынғандықтан, қызметтік талаптарға сәйкес келмейді. Осы мәселені шешу мақсатында алдағы 3 жылда бюджеттен қаражат бөлінді. Оның басым бөлігі Таразда облыстық соттың бас ғимаратын, Сәтпаевта 5 құрамды, Арыста 3 құрамды сот ғимаратын салуға, Теміртау қалалық сотын күрделі жөндеуге, сондай-ақ жүздеген сот ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалады, - деді Айдос Сәдуақасов. 

Оның сөзінше, жеке адам мен мемлекеттік органның арасындағы дауды шешу оңай емес. Себебі, жеке адамның мүмкіндігі мемлекеттік аппаратқа қарағанда аздау. Сондықтан көп адамдар әкімдік немесе министрлікпен дауласқан кезде өзінің әлсіз екенін айтады. 

Осы олқылықты жою мақсатында Жоғарғы сот Әділет министрлігімен бірлесіп, әкімшілік-процестік-рәсімдік кодекстің жобасын әзірледі. Қазір ол Парламент мәжілісінің қарауында жатыр. Оның басты артықшылығы, біріншіден, жария құқықтық дау туындағанда, дәлелдеу міндеті жеке адамға емес, мемлекеттік органға жүктелетін болады. Екіншіден, судья белсенділігін арттырады, яғни егер жеке адамның кінәсі жоқ болып, бірақ дәлелдері кемшін түсіп жатса, соған көмектесетін мүмкіндік алады. Үшіншіден, сот азаматтың шағымы бойынша мемлекеттік органның лауазымды тұлғасының үстінен тексеріс жүргізетін болады. Егер лауазымды тұлға соттың шешімін орындамайтын болса, онда өз еркімен айыппұл салуға құқық алады, - деді баспасөз хатшысы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы